ШҚО-да «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі көрмесі өтті
Бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының жетекші тауар өндірушілері қатысқан «Қазақстанның үздік тауары – 2025» жыл сайынғы байқауы, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі мен «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар өнімдерінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмені ШҚО әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Байқау-көрменің басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және өңірдегі өндірісті дамыту.
Көрме жәрмеңке форматында өтті. Қонақтар ұсынылған өнімдермен танысып, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар көрмеге қатысушылар бизнесмендермен және жеткізушілермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндік алды.
Байқауға қатысушылар үш номинация бойынша өз өнімдерін ұсынды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».
Аймақ басшысы байқау комиссиясымен бірге кәсіпкерлер ұсынған барлық өнімдермен танысты.
Іс-шара соңында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқау-көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алса, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері 5 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға қатыса алады.
Видео: Руслан Акматалиев















