ШҚО наубайханаларына өнім құрамындағы тұз мөлшерін азайту ұсынылды
Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысындағы наубайханалар мен азық-түлік өндірушілеріне өнім құрамындағы тұз мөлшерін азайту ұсынылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өңірлік нан және нан-тоқаш өнімдерін өндірушілермен кездесу өтті. Жиын барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері Қазақстанда 2025-2026 жылдарға арналған «Салауатты тамақтануға жәрдемдесу» жол картасының жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҰҚДСО) тұз мөлшері жоғары өнімдердің тізімін ұсынды. Бұл тізім алдағы уақытта қайта қаралуға тиіс өнімдерді қамтиды.
Оның айтуынша, бұл тізім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы, Қазақ тағамтану академиясы және ҰҚДСО жүргізген зерттеулер негізінде жасалған. Зерттеулер тұздың адам денсаулығына кері әсерін көрсеткен.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санэпидбақылау комитетінің деректеріне сәйкес 2025 жылы ШҚО аумағында тұз мөлшері жоғары өнім өндіретін 107 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 85-і нан және нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Бұл сала аталған тізімдегі ең маңызды бағыттардың бірі саналады.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау бөлімінің басшысы Назерке Шакантаеваның айтуынша, елдің кейбір өңірлерінде тұзсыз нан түрлері көбейіп, халық арасында үлкен сұранысқа ие бола бастаған.
Кәсіпкерлерге тұз қосу мөлшерін азайтуға бағытталған келісімнің мазмұны түсіндірілді. Алайда Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кез келген құжатқа қол қою алдында өндірушілер жаңа рецептурамен танысып, дайын өнімнің дәмдік қасиеттерін тексеріп, тұтынушы сұранысына сай сараптама жүргізуге тиіс деп есептейді.
Өз кезегінде нан өндірушілер ұсынылған келісіммен және ғылыми зерттеулермен танысатынын, тұзсыз нанның жаңа рецептурасын әзірлеп, оның іске асырылу шарттарын жан-жақты саралайтынын жеткізді.
Дана Нагиева