Қазақстанда жоғары сапалы тұқымдар орталығы құрылады

pixabay.com
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жоғары сапалы тұқымдарды дамытуға арналған инновациялық орталық құрылмақ. Жоба 2026 жылы Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты базасында жүзеге асады, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілетін орталықта жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін болады. Негізгі міндет – ауыл шаруашылығы өнімділігіне қауіп төндіретін патогендермен күрес жүргізу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Орталық тұқым шаруашылықтарымен тығыз байланыс орнатып, әртүрлі дақылдардың тұқым үлгілерін зерттейді. Жобаның басты мақсаты – 2030 жылға қарай отандық тұқым үлесін 80%-ға дейін жеткізу.
Фитоэкспертизаның инновациялық әдістерін қолдану және тұқымдарды сауықтыру арқылы өнімділік айтарлықтай артпақ. Мамандардың пікірінше, өсімдік ауруларының 70%-ы тұқым арқылы таралатындықтан, олардың сапасын жақсарту – егін шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі. Орталықтың жұмысы нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі кемінде 40%-ға артады деп күтілуде.
Бұл бастама елдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға серпін беріп, отандық тұқым шаруашылығының сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Дереккөз: ҚР АШМ