KZ
Өскемен
-43°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Шегіртке көшіне тосқауыл: 3 мың гектар жер өңделді

24.07.2025, 10:50 543 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда шегірткеге қарсы шаралар күшейтіледі. Өңір әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста биылғы жылдың негізгі жетістіктері мен мәселелері талқыланды. Жиын барысында зиянкес шегірткелердің таралу мәселесі көтеріліп, жағдайға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе Самар ауданындағы ахуал әкім назарына алынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауыл шаруашылығы басқармасынан бұл жағдайға қандай нысаналы шаралар жасалғанын сұрады.

– Биыл біраз маңызды жұмыстар уақтылы атқарылды деп отырмыз. Бірақ шегіртке көрші Абай облысынан келіп, біздің Самар ауданына жайылып кетті. Нақты нендей жұмыстар атқарылды? Бұл жағдай келесі жылға қалай әсер етуі ықтимал? – деді әкім.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Ажар Қажыбекова бұл жағдайға байланысты:

– Иә, 22–23 маусым күндері Абай облысының Көкпекті ауданынан шегіртке ұшып келді. Олар Самар ауданының үш мың гектар жеріне қонып, қауіп төндірді. Осыған орай біз жедел түрде Ауыл шаруашылығы министрлігімен, салалық комитетпен және мемлекеттік инспекциямен бірлесіп, қосымша дәрі-дәрмек (пестицид) жеткіздік. Өңдеу жұмыстары дер кезінде жүргізілді, – деп жауап қайырды.

Оның айтуынша, күзде арнайы мамандар жергілікті жерлерде тексеріс жүргізіп, шегірткелердің ұя салған жерлерін қарап шығады. Соның нәтижесінде ғана келесі жылға болжам жасалып, қанша жерге таралуы мүмкін екені белгілі болады.

Жиында облыс әкімі бұл қауіптің тек көрші облыстардан емес, тіпті шетелден де келуі мүмкін екенін айтып, шекаралас елдермен де жұмыс істеу керектігін ескертті.

– Бұл тек облыс ішіндегі мәселе емес. Ресеймен де, Қытаймен де байланысып, жағдайды бақылап отыру қажет. Ертең олар жақтан да шегіртке ұшып келуі мүмкін. Сондықтан алдын ала әрекет ету керек. Басқа өңірлермен және көршілес елдермен жұмыла жұмыс істеңдер, – деп тапсырды Нұрымбет Сақтағанов.

Видео: Евгений Щетников


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу