KZ
Өскемен
пасмурно жел 6 м/с, С
505.53 593.44 6.34

ШҚО-ға республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы түспеген

24.07.2025, 11:05 209 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысына республикалық бюджеттен бөлінуге тиіс 2,3 миллиард теңге қаржы түспей қалған. Оның бір бөлігін облыс өз қаражаты есебінен жапқанымен, кей жобаларды қаржы жетіспеушілігіне байланысты уақытша тоқтатуға тура келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакованың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша республикалық трансферттерді есептемегенде, облыс бюджетін игеру 99,3 пайызға орындалған.

– Ай сайын республикалық бюджеттен қаражат толық түспей отыр. Алты айдың ішінде 2,3 миллиард теңге қаржы түспей қалды. Соның ішінде 874,2 млн теңге – ауызсумен қамту және су бұру жүйелерін дамытуға, 534,7 млн теңге – «Ауыл – ел бесігі» жобасына, 389 млн теңге – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, 364,6 млн теңге – шағын және моноқалалардағы инвестициялық жобаларға, 180 млн теңге – көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, – деді басқарма басшысы облыс әкімдігінде өткен жиында.

Оның айтуынша, жылдық жоспар бойынша тек 30 пайыз трансферт қана келіп түскен. Ал игерілмеген қаржы көлемі – 1,8 миллиард теңге. Оның 255 миллионы – үнемделген қаражат.

– Қаражаттың игерілмеуіне тек трансферттің кешігуі ғана емес, басқа да себептер әсер етті, – дейді Светлана Большакова.

Маусым айында қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізіліп, бұған дейін нақтыланған облыстық бюджетке тағы да түзету жасалған. Соның салдарынан кейбір бюджеттік бағдарламалар уақытша бұғатталып қалған. Нақтыланған бюджет 30 маусым – есептік айдың соңғы күні ғана рәсімделіп, қаржыландыру кеш ашылған. Бұл жағдай білім басқармасынан жіберілген қате мәліметтерге байланысты туындаған.

Сондай-ақ кей жобалар бойынша мердігерлер тарапынан жұмыстардың орындалу актілері ұсынылмаған немесе тауар жеткізілмеген. Мұның бәрі біраз жобалардың уақытша тоқтап қалуына себеп болған.

Елизавета Седых

Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу