ШҚО-ға зең ауруымен зақымданған күнбағыс тұқымдары кіргізілмек болған
Импортталатын өнімнің сапасын қатаң бақылаудың арқасында Шығыс Қазақстан облысында фитосанитарлық жағдай тұрақты күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекованың айтуынша, облыс әкімдігінде өткен отырыста өңірге себуге арналған күнбағыс тұқымдары әкелінген кезде 8 партиядан күнбағыстың фомопсисі анықталған. Бұл – өсімдіктерге қауіпті зең ауруы.
Зиянды карантиндік нысан Аргентина, Молдова, Украина және Ресей елдерінен келген партиялардан табылған.
Сондай-ақ Ресейден әкелінген азық-түлік бидайының құрамынан жоюы қиын, қауіпті арамшөп – жатаған қара жусан анықталды.
Бұдан бөлек, облыс аумағында фитосанитарлық жағынан қауіпті өнімдерден карантиндік нысандар табылған жағдайлар тіркелді. «Багратион-2» шаруа қожалығының өтініші бойынша житняк тұқымына жүргізілген зерттеу нәтижесінде оның құрамында жатаған қара жусан бары дәлелденді. Тергеу барысында бұл арамшөптің тұқымдарының бұрын таза болған өніммен бірге сақталғаны анықталды. Жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал «Fresh Apple» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен қарақат көшеттерінің жағдайы тексерілген кезде мамандар калифорниялық қалқаншаны анықтады.
Елизавета Седых
Фото: Жалғас Сақадиев

