KZ
Өскемен
-1°
снег жел 3 м/с, Ю
499.65 582.89 6.47

Шешек асуында жарық тартылады, демалыс орны дами түседі

5.08.2025, 22:30 273 Төлеуғазы Жансая


Өскемендегі Шешек асуында жаңадан ашылған демалыс орнын алдағы уақытта жеке кәсіпкерге сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр. Кімге берілетіні ашық конкурс арқылы шешіледі. Бұл қадам демалыс орнын күтіп-баптауға бюджеттен қаржы шығармай-ақ, оны әрі қарай дамытудың жолын ашады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінде Шешек асуындағы демалыс орнын абаттандыру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып қалған. Енді тек аумақты электр қуатымен қамту ғана қалды. Себебі бұл жерде бұрыннан электр желісі болмаған. Қазір жарықты басқа ауданнан тарту мәселесі қарастырылуда. Электр қуаты тартылған соң, демалыс орны тәулік бойы қолжетімді болады. Сонымен қатар бейнебақылау жүйесін іске қосуға жағдай жасайды.

Еске сала кетсек, демалыс орнын абаттандыру осы көктемде басталған болатын. Қазір мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, сәкілер, мангал аймағы, балаларға арналған ойын алаңы, воркаут-аймақ, автотұрақ, алтыбақан, орындықтар мен қоқыс жәшіктері, сондай-ақ санитарлық тораптар орнатылған.

– Жоғарғы төбе басында арнайы фотоаймақпен жабдықталған шолу алаңы да бар, – дейді құрылыс учаскесінің жетекшісі Ерлан Аубакиров.

Алайда бұл жұмыстардың алғашқы кезеңі ғана.

– Бұл жобаның бірінші кезеңі. Алдағы уақытта бұл жерді одан әрі жайлы ету үшін жұмыстар жалғаса береді, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев.

Сондай-ақ әкім бұл нысан алдағы уақытта жеке кәсіпкердің сенімді басқаруына берілуі мүмкін екенін айтты.

– Мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмес үшін бұл аумақты сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр. Ашық конкурс арқылы іріктеу жүргізіледі. Бұл жердің кәсіпкерлік тұрғыда даму әлеуеті жоғары, – деді қала басшысы.

Елизавета Седых

Фото: Махаббат Ахметжанова


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу