Онкохирургтер науқастың аяғын сақтап қалды – ШҚО
pixabay.com
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында сол жақ жамбастағы ірі жұмсақ тін ісігін алып тастау бойынша күрделі операция сәтті өтті. Онкохирургтердің жоғары кәсіби шеберлігі мен үйлесімді командалық жұмысының арқасында науқас аяғын ампутациядан аман сақтап қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Науқас орталыққа жамбасында едәуір үлкейіп кеткен ісікпен келген. Медициналық тексеру нәтижесінде ісіктің ірі қан тамырлары мен сүйек құрылымдарын зақымдамағаны анықталды. Бұл жағдай хирург Д. Манаковқа ісікті толық алып тастауға және аяқтың қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, мұндай операциялар аса жоғары дәлдікті, заманауи құрал-жабдықтарды және тәжірибелі дәрігерлердің үйлесімді әрекетін талап етеді. Сонымен қатар, пациенттің дер кезінде медициналық көмекке жүгінуі ем нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Естеріңізде болсын, дер кезінде тексерілу – денсаулықты ғана емес, өмір сапасын да сақтап қалудың басты кепілі.