KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
508.3 592.17 6.63

Шығыс жастары есірткі мен лудоманияға қарсы: аймақта жаңа кешенді жоспарлар іске қосылды

12.08.2025, 19:30 1 353 Айна Бакимбаева


Халықаралық жастар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің белсенді жастары, еріктілер және жастар ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Басқосуда синтетикалық есірткі мен лудоманияның алдын алу, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және еңбекке тарту бағытында нақты шаралар таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы жастардың ел болашағындағы рөлін атап өтіп, олардың дамуына барлық жағдай жасалатынын айтты.

— Біздің міндетіміз – сіздерге мүмкіндік беру. Өз жастық шағымызды еске алғанда, дәл осындай мүмкіндіктердің болғанын қалар едік. Сол кезде түрлі қиыншылықтар да, сындарлы сәттер де болды. Үмітіміз де, сеніміміз де – сіздер. Сіздермен қатар біздің балаларымыз, немерелеріміз өсіп келеді. Болашағы жарқын елде жас ұрпақ дұрыс ортада, жақсы жағдайда өмір сүрері сөзсіз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

ШҚО ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы директоры Айдос Әділбеков еріктілер қозғалысының өңірде қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бір реттік шара ғана емес, елді біріктіретін тұрақты қозғалысқа айналған. Соның аясында биыл 500-ден астам ерікті 2 мың тоннадан астам қоқыс жинап, мыңнан астам ағаш отырғызды. Өскемен қаласы мен аудан орталықтарында таза аула, саябақ, тау баурайын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауыл жастарын жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» және «Жас еңбек» жобалары белсенді іске асуда.

Кездесуде барысында  Қазақстан Республикасы Жастар ісі жөніндегі  кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ерболатқызы жастар арасындағы нашақорлық және лудомания сияқты екі өзекті мәселеге тоқталды.  Қоғам белсендісінің айтуынша, синтетикалық есірткіге қарсы күрес шеңберінде 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері 70 мыңнан астам адамды қамтыған 300-ден астам іс-шара өткізілген, оның ішінде театрландырылған қойылымдар, дәрістер, фестивальдер мен спорттық акциялар бар.
Лудоманиямен күрес бағытында 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, букмекерлік кеңселер жарнамасына шектеулер енгізілген. Сонымен қатар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер мен тренингтер өтуде.
Облыста жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, «Стоп-есірткі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында есірткі саудасы туралы хабарлаған азаматтарды қаржылай ынталандыру қарастырылған. Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай бірнеше ауқымды іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде 5 мыңнан астам адам қатысқан үлкен фестиваль және «Шығыс жастары нашақорлыққа қарсы» жастар акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараларға облыстағы барлық ірі жастар ұйымдары – «Жастар рухы», «Жастар қанаты», Ассамблея жастары, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының жауынгерлері белсенділікпен қатысты. Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті жанынан жастар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес құрылған.
Кездесуде екінші өзекті мәселе ретінде лудоманияға қарсы жұмыс атап өтілді. Бұл бағытта 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп талқыланған. Жоспар аясында облыста букмекерлік кеңселердің жарнамасына елеулі шектеулер қойылды.
Лудомания – көптеген отбасылардың ойранын шығарып, тіпті өз-өзіне қол жұмсау секілді ауыр жағдайларға әкелетін әлеуметтік проблема. Осыған байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жоба қазір Шығыс Қазақстан облысында қарқынды дамып, ауқымды іс-шараларды қамтып отыр. 
Маңызды бағыттардың бірі – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Бұл жұмыс экономикалық қылмыстардың алдын алу департаментімен және «Қарсыз қоғам» жобасымен бірлесіп жүргізілуде. Жобаның менторлары – Ермек Маратұлы бастаған топ – колледждерде, университеттерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда кездесулер өткізіп, жастарға қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кездесу барысында жастардың ерлік, азаматтық ұстаным және қоғамдық белсенділік үлгілері ерекше айтылды. Соның ішінде, Қазақстан-Американ еркін университетінің студенттері, суға батып бара жатқан баланы құтқарған Ерасыл Еркінбекұлы мен тұрмыстық жанжал кезінде адам өліміне жол бермей, ерлік танытқан Алмас Елеместің ерліктері ерекше аталып өтті. Мұндай оқиғалар жастарға үлгі болатыны айтылды. Осыған байланысты университет қабырғасында биылғы оқу-тәрбие жоспарына алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрететін арнайы дәрістер енгізілетіні мәлім болды.
Жиында сондай-ақ жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірдегі барлық кәсіпорындарда жастар кеңестері құрылғаны, олардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар мен фестивальдер өткізіліп жатқаны атап өтілді.
Кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов  жастарға ризашылығын білдіріп, ел бірлігі мен әділетті Қазақстан құру жолында белсенділік танытуға шақырды. Ол Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын еске ала отырып, бабамыздың еңбекқор, білімді, әділетті қоғам құру арманының бүгінгі ұрпаққа да жол көрсететінін атап өтті. Барлық бастамалар мен жобалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатыны айтылды.
Сондай-ақ, Халықаралық жастар күніне орай  өңірдің белсенді жастары облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу