Өскемендегі Согра ЖЭО: жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Согра жылу электр орталығында болып, нысанның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Ол жөндеу жұмыстарының барысын бағалап, қызметкерлермен кездесіп, проблемалық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Согра жылу электр орталығы – Өскеменнің негізгі жылу көздерінің бірі. Оның тұрақты жұмысы қала тұрғындарының қыстағы жылумен қамтылуына тікелей әсер етеді. Министрдің айтуынша, ірі жылу көздеріндегі кез келген ақау бүкіл маусымның тұрақты өтуіне қауіп төндіреді, сондықтан бұл салада сенімділік басты назарда.
Кәсіпорын басшылығы министрге станцияда нормативті көмір қоры жасақталғанын айтты. Ерлан Ақкенженов қызметкерлермен сөйлесіп, олардың пікірін тыңдап, әкімдік пен министрліктің қолдауы жеткілікті ме деген сұрақ қойды.
«Согра ЖЭО» ЖШС-нің бас инженері Кирилл Мироновтың мәліметінше, нысанда ауқымды жөндеу кампаниясы жүріп жатыр. Атап айтқанда, №3 қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу, ал №1 және №2 қазандық агрегаттарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ:
бірінші және екінші сатылы бу қыздырғыштар ауыстырылды;
№1 және №2 турбоагрегаттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын;
қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілуде;
қосалқы жабдықтар да жөнделіп жатыр.
Кездесуде станцияның алдағы даму жоспарлары да талқыланды. Бас инженердің айтуынша, Энергетика министрлігімен бірлесіп, №4 қазандық агрегатын және №3 турбоагрегатты салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл жоба іске асқанда Өскеменнің жылумен қамту жүйесінің сенімділігі артып қана қоймай, жылу тапшылығы мәселесінің бір бөлігі шешіледі.
Өз кезегінде Ерлан Ақкенженов министрлік тек ағымдағы дайындықты ғана емес, ұзақ мерзімді жаңғырту жоспарларын да қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Шығыс Қазақстанда жылумен қамту мәселесі әрқашан өзекті. Соңғы жылдары Өскемен тұрғындары жылу жүйесіндегі үзілістерге байланысты шағым айтып келген. Сондықтан халық үшін басты талап біреу – үйлерге жылу дер кезінде әрі тұрақты берілуге тиіс.
Министрдің инспекциясы аймақтағы дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатқанын көрсетті. Дегенмен, перспективалық жобалар әлі іске асырылған жоқ. Оларды қаншалықты жылдам жүзеге асыру – қаржыландыруға, соның ішінде инвесторлардың қатысуына байланысты болмақ.
Дамир Омаров
Фото автордікі









