Энергетика министрі Өскеменнің жылу жүйелерін тексерді
Еліміздің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірдің негізгі жылу нысандарын аралап, олардың алдағы жылыту маусымына әзірлігін тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде министр жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан жылу желілерін көрді. Биыл өңірде 53,9 шақырым жылу желісі жөнделуде, барлық жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Әсіресе облыс орталығы үшін бұл мәселе өте өзекті, себебі тозығы жеткен желілер апатты жағдайда жылу жоғалтуға әкеп соғуда. Ерлан Ақкенженов атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен сенімділігіне ерекше мән беріп, апаттық жағдайлардың алдын алу қажеттігін атап өтті.
Алайда тек ағымдағы жөндеулермен ШҚО энергетикасындағы түйткілдерді шешу мүмкін емес. Өскемен қазірдің өзінде жылу қуатының тапшылығын сезінуде, себебі қала қарқынды түрде өсіп келеді. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, 2024-2030 жылдарға арналған жоспар бойынша 22-ші, 24-ші және 26-шы шағын аудандарда тұрғын үйлер салынады. Бұл қолданыстағы станциялар мен желілерге қосымша жүктеме түсіреді, ал олардың кейбірі қазірдің өзінде шекті қуатта жұмыс істеуде.
Министр ұзақ мерзімді шешімдер қабылдау қажеттігін айтып, жылу өндіру қуатын арттырмаса, қала алдағы жылдары жүйелі ақауларға тап болуы мүмкін екенін ескертті.
Дамудың басты бағыттарының бірі – Өскеменде жаңа ЖЭО-3 салу. Бұл жоба жылу тапшылығын шешудің негізгі тетігі болмақ. Сонымен қатар Өскемен және Согра ЖЭО-ларын жалғайтын жылу магистралі салынып, қолданыстағы станцияларға қосымша қазан агрегаттары орнатылады.
Бұл қадамдар жылу қуатының қорын қалыптастырып, өсіп келе жатқан жаңа шағын аудандарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашақта жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, тапшылық тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Әсіресе қыс мезгілінде жүктеме артатын кезде бұл шаралардың маңызы зор.
Дамир Омаров
Фото автордікі






