Өскеменде өткен жаппай жүгіру аңыз бапкердің рухына арналды
Өскеменде белгілі спорт шебері, өңірдің жеңіл атлетикасына үлкен үлес қосқан аңыз бапкер Рақымғазы Көшербаевты еске алуға арналған жаппай жүгіру өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Рақымғазы Нұрғалиұлы 43 жылын спортқа арнап, Қазақстан мен әлем чемпиондарын тәрбиелеген. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы «Восток» спорт клубында жаттықтырушы болып еңбек етті.
Жарысқа 160-қа жуық спортшы қатысты. Олар 10 шақырымды бағындырды. Мәре сызығы Ертіс жағалауындағы «Ғашықтар аллеясында» болды. Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлінді. Жеңімпаздар медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Спортшының жары Зәуре Көшербаева бұл шараның отбасы үшін ғана емес, бүкіл спорт қауымдастығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Жарысқа қатысқан жас спортшы Артем Фирсов әсерімен бөлісті.
Артемнің ағасы Александр Фирсов та жүгіріп, інісін спортқа баулығанын айтты. Екеуінің де жаттықтырушысы – спорт шебері Станислав Федоров. Ол да бұл жарыстың бірнеше дүркін жүлдегері болған.
Бұл еске алу жарысы аңыз бапкердің еңбегіне деген құрмет қана емес, сонымен қатар жеңіл атлетиканы дамытуға, спортты дәріптеуге үлес қосты.
Роксана Глыбова
Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жалғас Сақадиев










