KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Өндіріс пен білімді ұштастырған оқу орны – ШҚО-дағы басты техникалық база

10.09.2025, 16:00 242 Серік Құсанбаев

Өскемен жоғары политехникалық колледжі – халықаралық WorldSkills стандарттарына сай мамандарды даярлап, ірі өндіріс орындарымен тығыз әріптестік орнатқан оқу орны. Бүгін осы колледжде облыстық білім басқармасының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында журналистерге арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Баспасөз сапары барысында қатысушылар колледждің мехатроника, электроника, ІТ, робототехника, жылу және баламалы энергетика бағытындағы жаңа шеберханаларын аралап көрді. Колледж басшылығы оқу орнының даму стратегиясын таныстырып, әлеуметтік серіктестер – «КЭМОНТ» АҚ және «ӨЭСК» АҚ-пен бірлескен жобалар жайлы айтты.

Колледжде оқу өндірістік ортаға барынша жақындатылған. Студенттер WorldSkills чемпионаттарына қатысып, демонстрациялық емтихандар арқылы кәсіби дағдыларын шыңдайды. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған.

– Өскемен жоғары политехникалық колледжі – өндіріс әлеміне тікелей жол ашатын платформа. Мұнда студент 1-курстан бастап нақты мамандыққа бейімделеді. Заманауи жабдықтарда оқиды, кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Бұл – Қазақстан өз инженерлері мен техниктерін қалай даярлап жатқанын көрсететін табысты алаң, – дейді колледж директоры Исатай Исин.

Колледж студенттері халықаралық аренада да табыстарымен танылып жүр. Олар WorldSkills Lyon 2024, Emirates Skills 2025, IEK ашық чемпионаттарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ал WorldSkills Shygys 2025 аймақтық чемпионатында колледж командасы І-орын алды.
Бүгінде оқу орнында 1100-ден астам студент 15 мамандық бойынша білім алуда. Түлектердің жұмыспен қамтылуы 100 пайызға жеткен. Студенттер жатақханамен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік серіктестер базасында тәжірибеден өтеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек жұмысшы мамандықтарының маңызын ерекше атап өтті. 

– Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын аяқтап шығады. Бірақ біразы мамандығы бойынша емес, тез табыс әкелетін салаға кетіп жатады. Әрине, адал еңбектің жаманы жоқ, дегенмен елімізге нағыз өндіріс саласында еңбек ететін мамандар қажет. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру аса маңызды, – деді ол.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да көтерілді.

– Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Азаматтардың нақты салаларда жұмыс істегені жөн. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – экономиканың да, қоғамның да мүддесіне сай, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлемдік технология – қазақстандық студенттерге

Колледждің құзыреттілік орталықтары LENZE, FESTO, CISCO, Schneider Electric, SIEMENS сынды халықаралық брендтердің технологияларымен жабдықталған. Бұл студенттердің білімін заманауи талаптарға сай жетілдіруге жол ашып отыр.
Баспасөз туры барысында журналистер студенттердің жаңа жобаларымен танысып, жас мамандарға кәсіби дамуға мүмкіндік беретін тәжірибе алаңдарын көрді.

Фото: Жібек Нұрахмет

видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу