Кәсіпорындар студентке жалақы төлейді – ШҚО
Өңірдің жылу энергетика саласына қажетті 500 маманның барлығы жоғары білімді инженерлер емес, сонымен қатар осы салаға тікелей қатысты слесарь, дәнекерлеуші, монтаждаушы, сантехник сияқты арнайы мамандар да қажет, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған мамандарды даярлайтын өңірдегі бірден-бір колледж – Өскемен жоғары политехникалық колледжі.
Оқу орнының басшысы Исатай Исин айтып өткендей, мұнда «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» білім беру бағдарламасы бойынша қазандық жабдығының қараушы-машинисі, турбиналық жабдықтың қараушы-машинисі және техник-жылу энергетигі мамандары оқытылады.
Одан бөлек жылу энергетикасы саласына қажетті техник-электрик, электромеханик, слесарь мамандарын да даярлайды.
Оқу мерзімі 11-сыныптан кейін 2 жыл 10 ай, 9-сыныптан кейін 3 жыл 10 ай.
Ал дәнекерлеуші мамандығын Өскемен құрылыс колледжі мен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде оқуға болады.
Колледжді тәмамдаған түлектер оқуын ары қарай жалғастырғысы келсе, жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін кешенді тестілеу тапсырады, ал ақылы оқуға түсу үшін әңгімелесу жеткілікті.
Оқу ақысын төлеп беретін өндіріс орындары да бар. Студенттер шәкіртақымен, жатақханамен қамтылады.
Түлектердің жұмыспен қамтылуы 100 пайыз. Өйткені аталған мамандықтарға өңір кәсіпорындары тарапынан сұраныс жоғары.
Осы мамандықтар бойынша былтыр 32 түлек бітіріп шықса, биыл 36 түлек жас мамандар қатарын толықтырмақ. Оларды қазірдің өзінде дайын маман деуге болады.
Өйткені, аталған оқу орнында 2011 жылдан бастап іске қосылған дуальді оқыту жүйесінің тиімділігі сол – студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өндіріске араласады.
Жұмыс істеу барысында еңбек келісімшарты жасалып, сәйкесінше разряд алып, өндіріс орны жалақы төлейді және бұл мерзім еңбек өтіліне есептеледі. Жалпы осы сала мамандарының жалақысы 280-300 мың аралығында екенін айта кеткен жөн.