KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
517.66 606.49 6.44

Алтайда АӘК алушылар саны соңғы үш жылда екі есеге қысқарды

12.09.2025, 14:30 177 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы маңызды тұстарды түсіндіруге арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Билік, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы диалог форматында өткен жиында инфрақұрылым, кадр даярлау және жасанды интеллектті басқару, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына енгізу мәселелері қаралды. Күн тәртібі Жолдаудың негізгі бағыттарына және өңірлер алдына қойылған нақты міндеттерге негізделді. Қатысушылар цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау салаларына инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект дамып жатқан жағдайда жұмыс істей алатын кадрларды даярлау жайын талқылады. Бұған қоса, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және жергілікті деңгейде цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар қаралды.
Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев өз сөзінде алдағы жұмыс бағыттарын айқындап берді.

– Президент экономиканы әртараптандыру және шағын, орта бизнесті қолдау қажеттігін атап өтті. Біз ауыл шаруашылығы құрылымдарын, кәсіпкерлерді қолдауды және жаңа жұмыс орындарын құруды жалғастырамыз. Ұлттық жұмыспен қамту жобасы аясында кадрларды оқыту және қайта даярлау бағдарламалары жүзеге асырылатын болады, – деді ол.

Алтай ауданының ауыл шаруашылығы – Шығыс Қазақстан облысының негізгі салаларының бірі, соңғы жылдары оң динамика көрсетіп келеді. АӨК құрылымы 82,2% өсімдік шаруашылығы және 17,8% мал шаруашылығы бағытында. Мал шаруашылығы саласы негізінен сүтті ірі қара өсіруге бағытталған. Аудандағы Полянское ауылында «Мойылды Байқоңыр» ЖШС-нің 1075 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы салынуда, жоба аяқталуға жақын. 2025 жылдың 15 қазанына дейін голштин тұқымды 430 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ Чиркаин ауылында «Средигорное-2» ЖШС-нің 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын кеңейту жобасы да аяқталуға таяу. Бұл жобалар ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған.

Білім беруді цифрландыру – Жолдаудағы басым бағыттардың бірі. Алтай қаласындағы №11 орта мектептің директоры Людмила Скрипник цифрлық технологияларды енгізу барысына тоқталды. Оның айтуынша, ауданның 30 мектебінде жергілікті есептеу желісі орнатылып, интернетке жоғары жылдамдықпен және тұрақты қосылу қамтамасыз етілген. Бұл білім беру платформаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, оқу процесіне цифрлық шешімдерді тиімді енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, тағы 22 ауыл мектебі SpaceX компаниясының Starlink спутниктік технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған.

Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ерік Ерболатов туризмді дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Жаңа Бұқтырма кентінде туризмді дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар кенттің орталық бөлігін абаттандыру мен жөндеуді, «Арбат» демалыс аймағы мен қоғамдық жағажай жасауды қамтиды. Жоба кент пен ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жыл бойғы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Бұл үшін коттедж үйлер салу, тамақтану орындарын ашу, тауда атпен серуен ұйымдастыру, балық аулау, спорттық және мәдени іс-шаралар – халықаралық және отандық әртістердің қатысуымен фестивальдер мен концерттер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар жағажай аумақтары, жаппай демалыс орындары мен жол бойындағы сервисті талаптарға сәйкестендіруді көздейтін Жол картасы әзірленіп, іске асырылуда.
Жолдаудың әлеуметтік блогы атаулы қолдауға басымдық береді. Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Татьяна Шидыч соңғы үш жылда Алтай ауданында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар санының, оның ішінде ұдайы алушылардың азайғанын айтты.

– 2023 жылы АӘК 219 отбасыға (912 адам), оның ішінде 66 отбасыға (ұдайы алушылар) тағайындалды. 2024 жылы – 184 отбасыға (742 адам), оның ішінде 42 отбасыға (ұдайы алушылар) тағайындалды. 2025 жылы – 109 отбасыға (457 адам), оның ішінде 24 отбасыға АӘК берілді. Нәтижесінде 2023-2025 жылдар аралығында АӘК алушылар саны 50,2%-ға, ал ұдайы алушылар саны 63,6%-ға азайды, – деді ол.

Бұл көрсеткіштердің төмендеуі АӘК алушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғанын және мемлекеттік қолдауға созылмалы тәуелділіктің азайғанын білдіреді.

Жиын қорытындысында қатысушылар Президент айқындаған бастамаларды жүзеге асыру ісіне қоғамның барлық топтарын белсенді тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге жергілікті цифрлық сервистерді кеңейту, тұрғындар мен бизнеске арналған оқыту бағдарламаларының сапасын арттыру, деректерді қорғау шараларын күшейту ұсынылды. Кеңес қорытындысы бойынша Алтай ауданында Президент Жолдауындағы міндеттерді өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып іске асыруға бағытталған іс-шараларды үйлестіретін жұмыс тобы құрылатын болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу