Шығысқазақстандық құтқарушылар 3000 метрден асатын шыңды бағындырды
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы құрметіне шығысқазақстандық құтқарушылар ерекше бастама көтерді. Олар тек кәсіби шеберліктерін сынап қана қоймай, отанға деген адалдығын биік шыңда дәлелдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов бастаған құтқарушылар Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты тау жотасының «Конституция» шыңына көтерілді. Бұл шың теңіз деңгейінен 3113 метр биіктікте орналасқан.
Жорық тек жай серуен емес, нағыз сынақ болды. Құтқарушылар альпинистік дағдыларын жетілдіріп, қарлы беткейлерді еңсерді, ауа райының суығы мен оттегінің аздығына төтеп берді. Жас қызметкерлер үшін бұл үлкен мектеп іспетті. Олар биік тауларда қалай әрекет ету керегін, төтенше жағдайда аман қалу жолдарын үйренді.
Сынақ тек физикалық күшті ғана емес, рухани төзімділікті де талап етті. Бірігіп жұмыс істеу, бір-біріне қолдау көрсету – шыңға шығудың басты кепілі болды.
Барлық қатысушылар межеге аман-есен жетіп, ең биік нүктеде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің туын орнатты. Бұл қадам құтқарушылардың ел алдындағы адалдығы мен батылдығының белгісі ретінде есте қалады.


