KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность Штиль
478.54 533.76 5.17

Жас құтқарушылар қауіпсіздік дағдыларын көрсетті

Кеше, 18:00 50 Айжанат Бақытқызы

Глубокое ауданындағы "Дарын" лагерінің базасында "Қауіпсіздік мектебі-2024"облыстық жарысы өтті.  Аудандар мен қалалардан келген он екі  мектеп командасы алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт эстафетасы, техногендік авария кезіндегі іс-қимылдар, зардап шеккендерді тасымалдау сияқты жарыстарда жеңіске жету үшін күресті.    
«Дарын» орталығы директорының орынбасары Күнжан Оразбаева сайысқа жиналғандарды құттықтап, ойындарға сәттілік тіледі.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискованың айтуынша,  мұндай қауіпсіздік оқулары осымен алтыншы жыл өткізіліп отыр. Биыл жарыстарға облыстың әр ауданынан жүзге таяу  оқушы қатысты. 
-    Жеткіншектер төтенше жағдайларға жақындатылған  жағдайларда қауіпсіздік дағдыларын көрсетеді. Олар зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсету, өрт сөндіру, техногендік авария кезіндегі іс-қимылдар, зардап шеккендерді тасымалдау сияқты кезеңдерде бақ сынайды. Мұндай жаттығулар төтенше оқиғалар кезінде өздерін салқынқанды ұстауға, тез қимылдауға дағдыландырады, - деп атап өтті баспасөз хатшысы. 

Жас құтқарушылар сайыстарға тек жеңіс үшін келгендерін жасырмады.

"Глубокое ауданынан жеті оқушы келдік. Бұл жарыстарға тыңғылықты дайындалдық, сол себепті  жеңіс тұғырынан көрінеміз деп сенемін", - деді Глубокое кенті Оралхан Бөкей атындағы мектептің оқушысы Диана Досжанқызы. 


Катонқарағайлық команданың мүшесі Шынтас Маратов өмірде адамдарды құтқару керек жағдайларға дайын болу керекпіз деп санайды.  
Жарыстар өте  тартысты өтті. Әсіресе кедергілерді еңсеру кезінде қыз-жігіттер  барлық күш-жігерлерін салды. Арқаннан өрілген баспалдақтардың үстінен жүріп өту асқан шеберлікті талап еткені сөзсіз.

"Барлығы керемет болды. Әрине, қиын,  ең бастысы – денеңнің  тепе-теңдігін сақтау  екен. Басында оңай көрінгенімен, арқанның орта тұсына келгенде шапшаң қимыл мен ептілік, тепе-теңдікті сақтау қажет болды", - деді ентігін әрең басқан Арайлым Русланқызы.
Айта кетейік, жарыстың басты мақсаты – ең мықтыларды анықтау ғана емес, сонымен қатар жастарды нақты төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге үйрету. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары біреуді құтқару дағдыларын нығайтып қана қоймай, Шығыс Қазақстанды республикалық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алады. Шығысқазақстандық жас құтқарушылар кезінде республикалық, Белорусь Республикасында өткен  халықаралық жас құтқарушылар сайысына да қатысып, жүлдемен оралған кездер болыпты. 
Жарысты облыстық білім басқармасы мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент ұйымдастырды.

                                                                                                                                                      Айна Ескенқызы

                                                                                                                                           Сурет:  Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив