Ауруханаларға заманауи МРТ мен КТ жеткізілді - ШҚО
Фото: ӨКҚ
Соңғы сегіз ай ішінде ШҚО-да денсаулық саласында айтарлықтай ілгерілеулер бар. Халыққа жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бағытындағы жобалар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова басқарманың жұмыс қорытындысына арналған брифингте айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО-да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде ерекше атап өтер жоба – Ана мен бала орталығының алты қабатты перзентхана блогын қайта жаңғырту. Жоспар бойынша реконструкция 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Жобаның негізгі мақсаты – босану кезіндегі сапаны арттыру, аналар мен нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңғырту нәтижесінде акушерлік көмек көрсетудің инфрақұрылымы жаңарып, заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталмақ.
Сонымен қатар, биыл қымбат тұратын заманауи МРТ аппараты сатып алынды. Оның құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Бұл аппарат Ана мен бала орталығына орнатылып, ең алдымен балалар мен жүкті әйелдерге қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта ол толыққанды жұмыс істеп тұр. Жаңа МРТ 1,5 тесла қуаттылыққа ие және диагностика сапасы жоғары. Биыл трансферт қаражаты есебінен алдағы жылға ангиограф аппараты сатып алу жоспарланды. Ол да Ана мен бала орталығына орнатылады, – деп нақтылады Мадина Мырзабекова.
Аудандық ауруханалар да назардан тыс қалмаған. Өткен және алдыңғы жылдары тарихта алғаш рет үш ауданға КТ аппараттары орнатылды. Олардың жалпы құны – 500 миллион теңге. Қазір бұл құрылғылар толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, биыл Алтай ауданаралық ауруханасына МРТ аппараты жеткізіледі.
Мамандардың кәсіби деңгейін көтеру – денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың басты тетігі. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау көрсетіліп отыр.
Жалпы, соңғы жылдары ШҚО-да медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа қондырғылар сатып алу, шетелдік тәжірибені меңгеру секілді ауқымды жобалар халық денсаулығын жақсартуға айтарлықтай ықпал етуде.