KZ
Өскемен
-23°
пасмурно жел 2 м/с, В
514.31 603.03 6.4

Қайсарлық пен адалдықтың үлгісі – өрт сөндіруші Серік Байгаринов

18.09.2025, 15:00 186 Айдос Мырзахметов

Бір адам өмірін сақтап қалу – барша адамзатты құтқарғанмен тең. Ал мұны кәсіп еткен жанның жүрегінде қайсарлық, адалдық пен үлкен жауапкершілік болуы шарт. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген азаматтардың бірі – Серік Байгаринов. Ол 17 жыл бойы өрт сөндіру мен төтенше жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге арнады. Қатардағы қызметкерден бастап қарауыл бастығына дейін өскен ол бүгінде жас мамандардың сеніміне ие тәжірибелі офицер атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қарауыл бастығының жұмысы кәсіби білім мен жоғары дайындықты ғана емес, қиын жағдайда батыл шешім қабылдауды да талап етеді. Серік Байгаринов талай мәрте сындарлы сәттерде ерліктің үлгісін көрсетті. Оның басшылығымен ондаған адамның өмірі құтқарылып, өрттің ірі нысандарға таралуына тосқауыл қойылды.

 

– 2022 жылғы ең ауыр оқиға әлі есімде. Жалын 266 шаршы метр аумақты шарпып, тұрғын үйдің шатыры, шаруашылық құрылыстар мен екі көлік отқа оранды. Қиындық тек өрттің үлкен аумақты қамтығанында ғана емес, көрші ғимараттардың тым жақын орналасуында болды. Дегенмен қарауылдың үйлесімді іс-әрекетінің арқасында тілсіз жау дер кезінде тоқтатылды, – дейді Серік Байгаринов.

Қызметтен тыс уақытта ол – үлгілі әке, сүйікті жар. Жұбайы Дианамен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Салауатты өмір салтын ұстанатын офицер футболды жақсы көреді және осы әуестігін балаларына да дарытып, спортқа деген сүйіспеншілікті кішкентайынан сіңіріп келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу