KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

ШҚО-да Абдуллиндер атындағы колледждің мерейтойы классикалық кешпен аталып өтті

18.09.2025, 20:30 317 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан өнер саласының орталығы саналатын халық артисі Абдуллиндер атындағы өнер колледжі 2025 жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай Өскеменде классикалық музыка кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Колледждің тарихы 1955 жылдан бастау алады. Ол кезде шағын екі қабатты ғимаратта алғаш рет музыкалық училище ашылып, 49 студент бес мамандық бойынша білім ала бастады. Бүгінде оқу орны – аймақтың мәдени өмірінде ерекше орны бар, дарынды жастарды тәрбиелейтін шығармашылық ордаға айналды.

Кәсіби мамандарды даярлаумен қатар, колледж түрлі концерттер, семинарлар, көрмелер өткізуді дәстүрге айналдырған. Уақыт талабына сай жаңарып, 2002 жылы оқу орнына Қазақстанның мақтанышына айналған, туған жерінен түлеп ұшқан Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің есімі берілді.

Мерейтойға орай өткізілген мәдени шаралардың бірі – “Танцы времен” атты классикалық музыка концерті болды. Оған колледждің 2023 жылғы түлектері, бүгінде Германиядағы Вестфаль университетінің Жоғары музыка мектебінде білім алып жүрген Жанель Агзамова мен Шынар Мұрат қатысты.

– “Музыка саласында шетелде оқу – үлкен жауапкершілік. Біз бұл кешті альма-матерімізге деген алғысымыз ретінде арнадық. Бұл – біздің 70 жылдық мерейтойға жасаған сыйлығымыз”, – деді Жанель Агзамова.

Концерттік бағдарлама Франц Шуберттің нәзік әуендерінен бастап, Бахтың полифониялық шығармаларына, Григтің ұлттық билеріне, Дворжактың «Славян биіне», Брамстың венгер әуендеріне, Рахманинов пен Чайковскийдің жауһар туындыларына дейін жалғасты.

– “1 қазан күні колледжіміздің 70 жылдығын атап өтеміз. Бүгінгі концерт – соған арналған мерекелік жобалардың бірі. Біздің түлектеріміз тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Бұл – оқу орнымыздың білім сапасының дәлелі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мәдениет пен өнерге ерекше мән берді. Біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз”, – деді колледж директоры Альмира Дюсупова.

Айта кетейік, колледж мерейтойы аясында жыл бойы түрлі мәдени және шығармашылық жобалар жүзеге асырылмақ.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу