KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
514.31 603.03 6.4

Шығыс Қазақстан құрамасы қысқы ауыл жастары ойындарында топ жарды

13.12.2025, 14:15 188 Төлеуғазы Жансая

 

 

Шығыс Қазақстан облысының құрамасы Қазақстан Республикасының IV қысқы ауылдық жасөспірімдер ойындарында жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанып, өңір спортының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңір намысын қорғаған жас спортшылар табандылық пен ұйымшылдық танытып, қарсыластарынан оза шапты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын кешенді республикалық жарысқа еліміздің 13 өңірінен келген жас спортшылар қатысты. Дәстүрлі дода аясында қатысушылар қысқы спорттың үш түрі бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру және шайбалы хоккейден жүлделер сарапқа салынды.

Жарыс барысында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары барлық бағытта тұрақты әрі нәтижелі өнер көрсетті. Жеке сында да, командалық есепте де жүлделі орындардан көрінген спортшылар әр сайыста маңызды ұпай жинап, нәтижесінде облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Бұл жеңіс – жас спортшылардың қажырлы еңбегімен қатар, оларды дайындаған бапкерлер құрамының жүйелі әрі кәсіби жұмысының айқын нәтижесі. 

Жарысқа дайындықты тәжірибелі жаттықтырушылар қамтамасыз етті:
шаңғы жарысынан – Валерий Александрович Трифонов,
конькимен жүгіруден – Татьяна Николаевна Берсенева,
шайбалы хоккейден – Игорь Махарабович Гаджиев.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Алтай қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің конькимен жүгіру бөлімінің тәрбиеленушілері бұл жарыста ерекше көзге түсті. 6–11 желтоқсан күндері Қостанай қаласында өткен конькимен жүгіруден IV қысқы ауылдық жасөспірімдер ойындарында олар жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Конькимен жүгіру спортынан көрсетілген нәтижелер:
100 метр, орта жас, қыздар:
I орын – Алиса Матвеева
III орын – Вероника Дудовцева
100 метр, орта жас, ұлдар:
I орын – Егор Матяшов
100 метр, ересек жас, қыздар:
I орын – Владислава Остапович
II орын – Ясмина Фаизова
100 метр, ересек жас, ұлдар:
III орын – Даниил Клопоцкий

Масс-старт, 4 айналым:
Орта жас, қыздар – I орын: Алиса Матвеева
Орта жас, ұлдар – I орын: Егор Матяшов

Масс-старт, 6 айналым:
Ересек жас, қыздар –
I орын: Владислава Остапович
II орын: Ясмина Фаизова
Ересек жас, ұлдар –
I орын: Даниил Клопоцкий
Жарыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. 

Сонымен қатар, командалық есеп жеке-жеке сараланған кезде:
қыздар құрамасы – I орын,
ұлдар құрамасы – II орын иеленді.
Жеткен жетістіктерімен көзге түскен спортшыларды дайындаған жаттықтырушы Татьяна Николаевна Берсеневаға да ерекше алғыс айтылды. 

Мамандардың жүйелі еңбегі мен жас спортшылардың талпынысы Шығыс Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жеңіс ауылдық жерлердегі жасөспірімдер спортын қолдауға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстардың дұрыс жолға қойылғанын айқын дәлелдеді.
IV қысқы ауылдық жасөспірімдер ойындарындағы бұл табыс – Шығыс Қазақстан облысы үшін маңызды спорттық жетістік. Ол өңірде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нақты әрі нәтижелі екенін айғақтайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу