KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 3 м/с, СШ
514.94 583.74 6.13

Қысқы спартакиада: ШҚО-ның хоккейші қыздары – күміс жүлдегер (видео)

1.04.2025, 11:30 188 Әбішев Ержан

Өскеменде шайбалы хоккейден әйелдер арасында өткен VI қысқы Қазақстан Спартакиадасының турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Финалдық ойын тартысқа толы әрі қызықты өтті. Шығыс Қазақстан облысының құрамасы Алматы қаласының командасымен чемпиондық атақ үшін бақ сынасты. Жеңіс үшін барын салған шығысқазақстандық хоккейшілер қарсыластарына 1:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Ойын соңына дейін қарқынды тартыс сақталды.

Алматылық хоккейшілер алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқын көрсетіп, есепте алға шықты. Бірінші кезеңнің соңына таман ШҚО құрамасы таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерге үміт сыйлады. Екінші кезеңде ойын одан әрі шиеленісіп, эмоциялар шарықтау шегіне жетті – тіпті спортшылар арасында қақтығыстар да орын алды. ШҚО құрамасы Алматы командасы екі ойыншысынан айырылғанда (5-ке 3) есепте алға шығуға мүмкіндік алды, бірақ оны сәтті жүзеге асыра алмады.

Үшінші кезең шешуші болды. Алматылықтар ұзақ уақыттық шабуыл нәтижесінде қайтадан алға шықты – 1:2. Шығысқазақстандықтар бірнеше қауіпті шабуыл жасады, алайда көп болып ойнау мүмкіндігін тағы да мүлт жіберді. Матчтың аяқталуына бір минут қалғанда ШҚО құрамасы тәуекелге барып, қақпашыны алтыншы ойыншымен алмастырды. Бірақ бұл әдіс сәтсіз аяқталып, Алматы құрамасы үшінші шайбаны соғып, жеңісті түйіндеді.

– Өскеменнің хоккей тарихы тереңде жатыр, бұл қалада талай мықты ойыншылар өсіп шыққан және жанкүйерлері өте көп. Бұл жарыс елімізде шайбалы хоккейден әйелдер командаларының саны артып келе жатқанын көрсетті. Қысқы Азия ойындарында да біздің қыздар жақсы нәтиже көрсетті, – деді ҚР шайбалы хоккейден мемлекеттік жаттықтырушысы Рустам Ибраев.

Қысқы Спартакиада – әр төрт жыл сайын өтетін маңызды жарыс. Оның басты мақсаты – Олимпиада ойындарына ұлттық құрама сапына спортшыларды іріктеу. Турнирге 17 облыс пен 3 мегаполистің – Астана, Алматы, Шымкенттің құрамалары қатысты.

Әйелдер арасындағы хоккей турнирінің жүлдегерлері:

  • 1 орын – Алматы қаласының құрамасы
  • 2 орын – Шығыс Қазақстан облысының құрамасы
  • 3 орын – Алмату облысының құрамасы
  • Сондай-ақ үздік ойыншылар анықталды:
  • Үздік қақпашы – Варвара Арабская (Қарағанды облысы)
  • Үздік қорғаушы – Алина Иванченко (Алматы қаласы)
  • Үздік шабуылшы – Татьяна Фокина (Шығыс Қазақстан облысы)
– Бұл қыздар енді әйелдер арасындағы чемпионатқа дайындалады. Бүгінгі ойында іс жүзінде болашақ Қазақстан құрамасының финалын тамашаладық. Спортшылар Астанаға оқу-жаттығу жиынына барып, кейін Ұлыбританияға аттанып, халықаралық аренада ел намысын қорғайды, – деп атап өтті Рустам Ибраев.

ШҚО – Қазақстандағы шайбалы хоккейдің басты орталықтарының бірі. Спартакиададағы күміс жүлде – өңірдегі спортшылардың жоғары деңгейде дайындалатынын дәлелдейді. Финалда жеңіліс тапқанымен, ШҚО құрамасы жоғары шеберлігін көрсете алды.

Дамир Омаров

Фото: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу