Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзгерістер әлі алда – Сәуле Рахметуллина
Төрт жыл бұрын ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаев ұстады. Тосын өзгерістер мен тың бастамаларға толы бір кезең басталды. Төрт жыл бұрын ұсынылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі шешімдерге жол ашты. Ел Президентінің елеулі реформалары жөнінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры әрі облыстық мәслихат депутаты Сәуле Рахметуллинамен әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.
– Сәуле Жәдігерқызы, ең әуелі өзіңізге жақын білім және ғылым саласына тоқталсақ. Өткен жылы Үкімет құрылымында білім және ғылым саласын басқаратын екі ведомство пайда болды: бір бейінді министрліктің орнына екеу құрылды. Саяси сарапшылар бұл қадам арқылы ғылымға да, білім берудің әрбір деңгейіне де бірдей лайықты көңіл бөлінеді деген тұжырым жасады. Сіздің ойыңыз қандай? Өзіңіз жетекшілік етіп отырған білім ордасына бұл өзгеріс қалай әсер етті?
– Қазіргі білім жүйесіндегі әрбір оқыту кезеңінде нақты мақсат пен жоспар бар. Жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігін құруға қатысты реформа, еліміздің ғылыми әлеуетін жетілдіруге жаңа қадам ретінде, экономикамызға жаңа мамандарды дайындау сапасын арттыру үшін қолға алынды деп ойлаймын. Бүгін кез келген университеттің міндеті тек кәсіби кадр даярлаумен шектелмейді. Қазақстанның нақты әлеуметтік экономикалық міндеттері мен мәселелерін шешуді көздейді. Бұл өңірлік деңгейде де, республикалық ауқымда да маңызы жоғары шаруа. Инженерлік кадрларды кешенді дайындау ШҚТУ стратегиялық даму жоспарында көзделген.
– Өткен жылдың тағы бір үлкен жүйелі шешімі – Ұлттық ғылым академиясының трансформациясы. Жалпы, сіздің пайымдауыңызша елімізде ғылымның даму қырқыны қай деңгейде? Ендігі кезекте жастардың ғылымға құштарлығы арта түседі деуге негіз бар ма?
– Жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылған сәттен бері еліміздегі ғылымды дамытуға көптеген жаңашылдықтар енді.
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметі Ұлттық Ғылым академиясын мемлекет жарғылық капиталына жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам деп тану туралы тиісті қаулы қабылдады. Бұл шешім әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарына сәйкес ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындау мен жүргізуді үйлестіруге жаңа серпін береді, деп ойлаймын.
Ғылымды қаржыландыру моделінің форматы қайта қаралды. Ғылым моделін қолданбалы форматқа шығаруға көбірек көңіл бөлінеді. Президент тапсырмасына сәйкес ғылымды қаржыландыру 3,5 есе өсті. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың экожүйесін құру үшін көп жұмыс жасалуда, яғни ғылымды басқарудың жаңа моделін енгізу көзделіп отыр. Өңір өндірістік секторының проблемаларын шешу үшін бизнес-акселерацияны жүргізу жаңа коммерцияланатын жобалардың өсуі мен дамуының катализаторы болады.
Ғылымды дамытудағы маңызды мәселелердің бірі - жас ғылыми кадрларды даярлау. Қазір елдегі ғалымдардың орташа жасы 59-ды құрайды. Жыл сайын магистратура мен докторантураға түсуге арналған бюджеттік орындар саны артуда. Президент тапсырмасына сәйкес білім алушылар стипендиясының мөлшері жүйелі түрде өсуде. Жас ғалымдардың жобаларын қаржыландырудың жаңа тетіктері әзірленді. Бұл 40 жасқа дейінгі зерттеу тобы мен жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған жеке конкурстар, постдокторанттарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша байқаулар. Ғылым инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жүріп жатыр. Мұның бәрі жастарды қолданбалы іргелі ғылымдарға тарту үшін жасалады. Сондықтан жыл сайын ғылымға қызығушылық танытатын жастар саны тек арта түседі деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы жасаған маңызды саяси реформалардың бірі – сайлау жүйесіндегі өзгеріс. Өзіңіз де жауықта өткен саяси науқанның бел ортасында болдыңыз. Бұл жолы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңаша, әлдеқайда демократиялық және ашық форматта өтті деп айта аласыз ба?
– Сөзсіз, өткен сайлауда көптеген өзгерістер болды. Осыған дейін парламентке сайлауда депутаттарды партиялық тізім бойынша таңдап келді. Аралас сайлау жүйесіне көшу сайлауалды науқанына тек саяси партиялар өкілдеріне ғана емес, белсенді саяси ұстанымы бар қарапайым азаматтарға да жол ашты. Бұдан бөлек, Парламентке өту кезінде партиялар үшін шекті пайыздың 7% - дан 5% - ға дейін төмендеуі парламенттегі саяси әртүрлілікке ықпал етеді. Қазірдің өзінде мәжілісте қоғамның әртүрлі топтарын ұсынатын 6 партияны көріп отырмыз. Саяси әртүрлілік - мемлекеттің демократиялық өсуінің басты белгілерінің бірі. Қазақстанның саяси жүйесіндегі басты өзгерістер әлі алда. Оның бастауы қазір де бар және оны сайлау жүйесінен байқап отырмыз.
– Облыстық мәслихат депутаты атандыңыз. Дәл қазір көпшіліктің оң өзгерістерді күтіп отырғаны белгілі. «Әділетті Қазақстан» идеологемасы қоғам сұранысына толық жауап бере алады деп ойлайсыз ба?
– Елдегі соңғы екі жылда орын алған өзгерістер кімге де болсын ықпалын тигізіп келеді. Бүгін ел азаматы ретінде ғана емес, облыстық мәслихат депутаты ретінде де «Әділетті Қазақстан» идеясы өзекті қоғам сұраныстарына жауап береді деп есептеймін. Әділеттілік деп нені айтамыз? Ең алдымен экономикада, саясатта, әлеуметтік-мәдени салада барша қазақстандықтар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру. Реформалау енді басталса да, қоғамның әлеуметтік жағдайына қатысты қандай қадамдар жасалып жатқанын көріп жүрсіздер. Мысалы, зейнет жасын 61 жасқа дейін төмендету, инвестициялық кірістерді бөлуге жаңа шаралар және т.б. Мұның барлығы біз айтып отырған әділеттілік қағидаттарын енгізумен тығыз байланысты. Бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Аталмыш идеология заманның әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып тұр.
– Облыстық мәслихатқа өзіндік жоба-жоспармен барған боларсыз. Өңір жұртшылығын күтетін нақты өзгерістерді атай аласыз ба?
– Сайлауалды бағдарламамда облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына қатысты сұрақтарға ден қойдым. Білім саласындағы мол тәжірибеме сүйеніп, осы салаға қатысты мәселелерді шешуге ат салысатын боламын. Ең алдымен шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді жаңа стандарттарға сай қайта жаңғыртуға тоқталамын. Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы жастар арасындағы жұмыссыздыққа да ерекше ден қояды деп ойлаймын. Жас кәсіпкерлерге 2,5%мөлшерлемеде жеңілдікпен микронесиелер беру үшін бюджеттік қаржы бөлуге күш салысамыз. Бұл болашақта орындауға тиісті міндеттердің кішігірім бөлігі ғана. Ортақ міндетіміз – өңірді әлеуметтік тұрғыда тартымды етіп, даму деңгейін барлық бағытта тұрақты ету.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Оразай Жеңісұлы