Реформасыз өрлеу жоқ – Қорлан Туғамбаева
Көп айтылса да, арзандамайтын бір нақыл сөз бар: «Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады». Сондықтан да мемлекет басшылығы елдік істерге жастардың араласуын жөн көреді. Ең маңызды саяси науқандар оларсыз өткен емес. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары жөнінде жастар өкілінің ой-пікірін білген едік.
Altaynews тілшісінің сұрақтарына AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қорлан Туғамбаева жауап берді.
– Мемлекет басшысы жасаған маңызды саяси реформалардың бірі – сайлау жүйесіндегі өзгеріс. Өзіңіз өткен саяси науқанның басы-қасында болдыңыз. Бұл жолы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңаша, әлдеқайда демократиялық және ашық форматта өтті деп ойлайсыз ба?
– Биылғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы, шынымен де, жаңаша форматта өтті. Кандидаттар өз бағдарламаларын халық назарына ұсынып, сұрақтарға жауап беріп, әрбір сайлаушының ұсыныс-тілегін ескерді. Бұл үрдісті бір ай бойы бақылап көрдік. Сайлаудың жаңа жүйесі әсіресе жас үміткерлерге үлкен тәжірибе болғанын айтуымыз керек. Отыз пайыздық квотамен партиялық тізімге өтіп, саяси додада бақ сынауға мүмкіндік алған жастар қалалық, облыстық мәслихаттан орын тапты. Мәжіліс депутаты болып сайланғандары да бар. Бұл – тамаша нәтиже.
– Amanat партиясы ұсынған сайлауалды бағдарламаға сүйене отырып алдағы уақытта өңір жұртшылығын күтетін нақты өзгерістерді атай аласыз ба?
– Партиямыздың атқарушы хатшысы Е.Бейсенбаев: «Халықтың мәселелесін шешу – AMANAT партиясының бірінші кезектегі міндеті», – деді. Осыдан кейін қауырт жұмыс басталып кетті. Аманаттықтар, сайлауалды бағдарламада айтылғандай, халықтың әл-ауқатын жақсартуды алдыңғы орынға қойды. Ол дегеніміз – ауылдың жағдайын жақсарту, еңбек адамын қолдауға ерекше мән беру, өндіріс орындарын дамыту, жұмысшылардың құқығын қорғау, сапалы білім беру және жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы істерге өңір жұртшылығы сөзсіз куә болады.
– «Әділетті Қазақстан» идеологемасы сіз үшін нені білдіреді?
– "Әділетті Қазақстан" құру – мен үшін елдің әрбір азаматының бақытты және табысты болуына жағдай жасау дегенді білдіреді. Баршаға бірдей заң үстемдігін орнату. Білікті әрі еңбекқор адамдарға жол ашылатын әділетті қоғам орнату. Мемлекет басшысы осы бағытта қыруар жұмыс атқарып жатыр.
– 2019 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен жастар саясатын жетілдіруге көп көңіл бөлініп келеді. Сіз қандай өзгерістерді сезіне алдыңыз?
– Иә, шынымен де, жастарға мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан айрықша көңіл бөлініп жатыр. Жастардың жасын заңды түрде 35-ке дейін ұзарту, жас кәсіпкерлерге түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелердің берілуі, жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламаларының көбеюі – меніңше, жоғары көрсеткіш. Әрине, әлі де ескерілмей жүрген мәселелер бар, атап айтсақ, аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының жағдайы. Штаттық санның аздығы, жастар үйінің жоқтығы. Дегенмен бұл сұрақтар алдағы уақытта шешіледі деп сенемін.
– Саяси сарапшылар «Өткен жылы жүргізілген конституциялық реформа Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға ықпал етті» дейді. Бұл мәселе жөнінде ойыңыз қандай?
– Жалпы, мемлекетті нығайтатын – мықты реформа! Реформасыз өрлеу жоқ. Елімізде соңғы бір жарым жылда болған саяси өзгерістер тек оң нәтиже әкеледі. Мен оған кәміл сенемін. Сондықтан елімізде адам құқықтарын қорғау жүйесінің нығаюы заңдылық.
– Елімізде 770-ке жуық волонтерлік ұйым, әртүрлі салада жұмыс істейтін 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Мемлекетіміз азаматтық қоғамды одан сайын дамытуға мүдделі. Бұдан қандай нәтиже күтеміз?
– Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі волонтерлік бағыт аса дамыған және үкіметтік емес ұйымдар жұмысы жолға қойылған өңірлердің бірі. Бұл өте керемет. Себебі мұндай қоғамдық ұйымдар билік пен халық арасындағы алтын көпір тәріздес. Қос тарап арасында байланыс тығыз болса, мәселе аз болады.
– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. 2022 жылы қабылданған маңызды институттық шешім – Қазақстанда Халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау жөніндегі омбудсменнің жаңа лауазымы тағайындалғандығы. Осыған қатысты ойыңызды білсек.
– Еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, олардың ісі бағалы екенін көрсету керек. Біздің партиямыздың сайлауалды бағдарламасында еңбек адамын қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ерекше құрметке ие болуы тиіс. Соның нәтижесінде әлеуметтік тепе-теңдік орнап, көптеген мәселенің күрмеуі шешіледі.