KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
443.35 475.54 4.82

Мемлекеттік қызметте тұлға болып қалыптастым - Жарас Дәулетханов

20.09.2023, 18:11 2 283 ALTAINEWS

Жарас Дәулетханов - ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша Департаментінің ең жас және перспективалы қызметкерлерінің бірі. 

Жарас Катонқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген, алайда орта білімді Риддер қаласында «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясынан алған. Ең сүйікті пәні химия болған. Бұл оның мамандық таңдауына да ықпал еткен көрінеді.

2019 жылы ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін фармацевт-технолог мамандығы бойынша сәтті бітірді. Студент кезінде Универсиада мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ерікті болып жұмыс істеді.

Диплом алғаннан кейін жас маман Өскеменге келіп, бірден облыстың медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жұмысқа орналасты. Мансабын басшының хатшысы ретінде бастаған. Бірақ үш айдан кейін фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған бағаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалды.

- Менің департаменттегі қызметім - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, яғни дәрілік препараттарды, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау және қадағалау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, - дейді Жарас Дәулетханов. – Маған артылатын жауапкершілік орасан зор, бірақ қызметтің пайдасы да бар. Себебі азаматтарды сапалы емдеу біздің қаншалықты сауатты жұмыс істейтінімізге байланысты.

Үш жарым жыл ішінде бас маман түрлі грамоталармен марапатталып үлгерген.

- Мемлекеттік қызмет менің екінші мектебім, тіпті университетім болды, мен мұнда жеке тұлға болып қалыптастым! Азаматтардың игілігі үшін жұмыс істеу-менің басты мақсатым. Ал мемлекеттік қызмет барлық бос уақытты алады деген пікірмен келіспеймін: егер оны ұтымды пайдаланатын болсақ, жеке өмір мен қызығушылықтарға да уақыт жеткілікті.

Оның бұл сөзін ісімен де дәлелдей алады: бүгінде ол отбасын құрып, екі қыз тәрбиелеп отыр, үстел теннисі, балық аулау, тауға шығу, шаңғы тебу және т.б. көптеген қызығушылықтары бар.

Жарас Дәулетханов мемлекеттік қызметке орналасуға ниеті бар немесе жаңадан жұмыс істеп бастаған қызметкерлерге төзімділік, ізгі ниет, ең бастысы, өз саласында сауатты және лайықты маман болуды тіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив