Үш тілді меңгерген жастар сынға түсті – Өскемен
Байқау қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналады.
Өскеменде «Тіл шебері» қалалық байқауы өтті. Байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген 15-25 жас аралығындағы талапкерлер қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Тіл шебері» байқауының мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үш тілді еркін меңгерген жастарды қолдау болып табылады. Бұл жолғы байқау қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналады.
Байқауда 10 үміткер бақ сынады.
1-кезең: «ЕЛТАНЫМ» – Оралхан Бөкей шығармалары бойынша сұрақтарға жауап беру;
2-кезең: «ӨНЕРТАНЫМ» – Екінші кезеңнің шарты бойынша, қатысушылар ағылшын тілінде өнер көрсетті. Өз қалауларымен ән айтып, өлең оқыды.
3-кезең: «СӨЗТАНЫМ» – Еліміздің танымал тұлғалары, қазақ әдебиеті, салт-дәстүрі, туған жер тарихы және табиғаты бойынша ұсынылған фотосуреттер аясындағы сұрақтарға орыс тілінде жауап берді.
Қазақ, орыс және ағылшын тілі мамандарынан құралған қазылар алқасы байқауға қатысушылардың шығармашылық жұмыстарын бағалады.
Жеңісті қанжығасына байлаған 1-орын иегері – Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Нұрболқызы Ақжүрек.
2-орын – Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Еркін Таңнұр.
3-орын – Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Қуатқызы Жанбота мен Акимбаева Амина.
Байқау жүлдегерлері Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дипломы мен алғыс хаты және сыйлықтарымен марапатталды.