Ішкі істер бөлімінде мұражай ашылды - Жарма
Жарма аудандық ішкі істер бөлімінде осы саланың тарихын тереңнен толғайтын, қызметкерлерінің өмірінен сыр шертетін мұражай есігін айқара ашты.
Өңірдің ішкі істер бөліміндегі бұл мұражай қорында осы салада қызмет атқарған, еңбегі елеулі ардагерлердің есімі, соғыс, еңбек ардагерлері туралы қызықты деерктер топтамасы, мұрағаттық құжаттарымен экспозициялар, аталған салаға тікелей қатысты фотоқұжаттар мен материалдар, жеке қолданыстарында болған көне фотоаппарат құрылғылары сынды тарихи жәдігерлермен қатар, бұрынғы үлгідегі милицияның нысанды киім үлгілері, спорт жетістіктерінің түрлі медальдары мен дипломдар қойылған арнайы бұрыш ұйымдастырылған.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды қатаң сақтай отырып, мұражайдың салтанатты ашылу рәсімін ұйымдастырған ішкі істер бөліміндегі бұл шараға аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин және арнайы қонақ ретінде келген еліміздегі Ішкі істер саласының ардагерлері, сексеннің сеңгірінен асқан Байнұрқашев Зиябек Қанапияұлы мен Мұқашев Құмар Ершеұлы және мұражайды ашу ісіне бастамашы болып, осы жұмысты өз қолға алған өңірдің ішкі істер бөлімінің ардагері Бекқасымов Талғат Қонысбекұлы қатысты.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Бекбаев алтай Кеңесбекұлы бұл мұражай полиция қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелейтінін айтып, осынау мұражай жұмысына үлес қосқан сала ардагері Талғат Қонысбекұлына алғысын білдірді.
Аудандық ішкі істер бөлімінде ашылған бұл мұражайдың жас полиция қызметкерлері үшін сала тарихын тереңнен танытатын тағылымға толы орын болары сөзсіз.