KZ
Өскемен
-16°
туман Штиль
503.35 590.63 6.62

Қар көшкіні: ШҚО ТЖД алдын алу шараларын күшейтті

9.01.2026, 17:00 188 Ержан Әбіш

Еліміздің таулы өңірлерінде қардың қалың түсуіне байланысты қар көшкіндерінің өздігінен жүру қаупі сақталуда. Осыған орай құтқарушылар азаматтарды қар жиналған тік беткейлерге шықпауды және тауда барынша сақ болуды ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықтың, туристер мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аумақтарында қар көшкіндерін мәжбүрлеп түсіру бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 3516 текше метр қар массасы қауіпсіз түрде түсірілді.

ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары көшкін қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 163 жерүсті тексеру жүргізіліп, қауіпті аймақтарда 108 ескерту белгісі орнатылды. Сонымен қатар тұрғындар арасында «Абайлаңыз, қар көшкіні!» тақырыбында 944 ескерту хабарламасы, 3754 ақпараттық брошюра және үгіт-насихат материалдары таратылды.

Қар көшкіні қаупі күшейген жағдайда және «Қазгидромет» РМК дауылды ескертулеріне сәйкес төтенше жағдайлар департаменттері мен ішкі істер органдарының бірлесуімен көшкін қаупі бар аумақтарға адамдар мен автокөліктердің кіруі уақытша шектеледі.

ТЖМ тауға шығуды жоспарлаған азаматтарды дауылды ескертулер кезінде жорықтардан бас тартуға, ал ескерту болмаған жағдайда ауа райы болжамын алдын ала тексеріп, қауіпсіз маршруттарды таңдауға, белгіленбеген соқпақтармен жүрмеуге және қар көшкіні қаупі бар беткейлерден аулақ болуға шақырады.

Қалың қар жауған жағдайда тауға шығуды бірнеше күнге кейінге қалдырған жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу