Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам жауапқа тартылды
2025 жылы әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотереялар ұйымдастырған 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитет әлеуметтік желілер мен интернет-алаңдарда заңсыз ұтыс ойындарын анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Тексеру нәтижелері мен азаматтардан түскен өтініштер негізінде аталған тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Заң бұзушыларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматта түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланды.
Егер құқық бұзушы хаттамамен келіссе, айыппұлды өз еркімен төлейді. Ал келіспеген жағдайда іс сот тәртібімен қаралады.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лотерея операторы болып табылмайтын тұлғалардың ұтыс ойындарын ұйымдастыруы үшін жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі ұлғайтылады және заңсыз табыс тәркіленеді.
Министрлік азаматтарды әлеуметтік желілерде ұйымдастырылатын күмәнді ұтыс ойындары мен акцияларға қатыспауға шақырады.