KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Абай – ұлт руханиятының темірқазығы

16.08.2024, 09:33 214 Анель Слямғазықызы

Шығыс жұрты ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туған күнін ерекше атап өтті. Айтулы мереке облыс орталығындағы хәкімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ермек Көшербаев пен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

– Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Шынында да бұл күні біз ұлы Абайдың тұлғасына құрмет көрсетеміз, көрнекті ақыннан рухани қолдау табамыз. Біздің парызымыз - Абайдың осы өсиетін орындау. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» өркендету үшін Абайдың даналық ғибраттарын ісімізде, қарекетімізде, ойымызда қолдануымыз керек, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген қазақтың бас ақыны Абайдың ғибратты сөздерін, өнегелі өсиетін өмірімізде лайықты пайдалануымыз қажет екенін атап өтті

– Абайдың қара сөзін, өлеңдерін алсаңыз да терең философия, адам болып қалу мағынасы жатыр. Қазір еліміздегі халық бір ғана қағидамен  өмір сүруі керек. Ол – адам болып қалу. Оның ішіне адамгершілік те, ізгілік те, иман да кіреді. Міне осылардың барлығын бойымызға дарытқанда барып Абайдың аманатын орындауға көшеміз, – деді Әлібек Қаңтарбаев.

Мерекелік шара Сол жағалау кешеніндегі музей-қорықта жалғасты. Мұнда «Абай – қазақ әдебиетінің сөз зергері» атты мазмұнды кеш өтті.

Мереке қонақтарына, оның ішінде №27943 әскери бөлімнің жас сарбаздары да бар, домбырашы Қуаныш Оралбаевтың және «Белес» музей-қорығының этно-фольклорлық ансамблінің орындауында концерттік бағдарлама ұсынылды. Абайдың «Сегіз аяқ», «Торы жорға», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды белгілі туындылары шырқалды.

– Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқылып, хәкімнің өмірбаяны мен шығармашылығына арналған викторина ұйымдастырылды. Абай үйіне және «Абай әлемі» экспозициясына экскурсия жүргізілді. Облыстық Пушкин атындағы кітапхананың қызметкерлері келушілерге Абай шығармашылығы туралы кітап көрмесін  ұсындық, – деді  облыстық музей-қорығының қазақ этнографиясы ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Данияр Мерғалиев.

Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының туған күні Өскемендегі Арбатта ерекше аталып өтті. Оның өтуіне облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы мұрындық болған. «Абай үні, Абай лебі» әдеби-музыкалық шарасына шаһар тұрғындары мен қонақтары белсене қатысты. «Жырлары Абайдың, жаназығы» иллюстрациялық-кітап көрмесі кештің басты көркіне айналды. Көрмеде ақынның ғана емес, абайтанушылардың да шығармалары ұсынылды.

- «Абай дана, Абай дара қазақта» демекші, ұлы ақынымыздың туған күні де келіп жетті. Халқымызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Көрмеде өздеріңіз көріп отырғандай қазақ, орыс және шет тілінде кітаптар бар. Сондай-ақ жерлесіміз абайтанушы  Б.Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы» кітабы да көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бұл шараның мақсаты – ақынның шығармаларын дәріптеу, - дейді облыстық музей-қорығы директорының орынбасары Гүлжан Кашаку.

Қонақтар музыкалық викторинаға қатысып ұлы ақынның әндерін орындады. «Ашық микрофон» қала тұрғындарына Абайдың сүйікті өлеңдерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқуға мүмкіндік берді.

- Арбатқа балалармен жиі келеміз. Бүгін ерекше шараға тап болдық. Әрине қатысуға ниет білдірдік. Керемет күй кешіп жүрміз, балаларымыз сурет салып жатыр, - дейді қала тұрғыны Гүлсая Әсетова.

Шараның кішкентай қонақтары  «Төрт мезгіл» аймағында сурет салды. Ерекше жабдықталған киіз үйде Абай күніне қатысушылар естелікке суретке түсіп жатты.

Еске салайық, 10 тамыз еліміздің мерекелік күнтізбесіне Абай күні ретінде енгізілген. Бұл мереке 2020 жылы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай бекітілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив