KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

ҚАРА СУДЫҢ БАЛЫҒЫ – ҚАРАШАНЫҢ АЗЫҒЫ

9.08.2024, 11:22 14

Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген сөз бар. Алайда шағын өзенді қойып дарияның жағасында отырса да не ішкенге, не жегенге жарымай жүргендердің бар екендігін де естіп, көріп жүрміз.

Айталық, бастауы сонау Қытай жерінен басталып, Қазақстанның үш бірдей облысын кесіп өтіп, Ресейдің Обь өзеніне қосылатын қасиетті Ертіс өзені жетер жеріне жеткенше қаншама елді мекендердің іргесінен ағып өтпейді, десеңізші?! Ертістің суына күнделікті тұрмыстағы мал суарып, егінге пайдалануды айтпағанда, қаншама Су электр станциялары  халыққа қызмет етіп келеді.

 Бәсеке бизнесті қамшылайды

 Өзеннің өн бойында өріп жүрген түрлі-түсті балықтары – ол бір бөлек әңгіме. Балық демекші, ел аузында балық туралы небір мақал-мәтел, нақыл сөздер де аз айтылмайды. Солардың бірі: «Адамға алдымен балықты қалай жеуді емес, қалай аулауды үйрет!» деп келетін көрінеді. Жасырып-жабары жоқ, әсіресе қазақ ауылдарында өмір бойы өзеннің жағасында тұрса да осы күнге дейін балық аулай білмейтіндер де бар.

Ал керісінше, іргесіндегі ағыл-тегіл ағып жатқан өзенді «Алланың берген несібесі» деп түсініп, сол өзеннен өздерінің нәпақасын айырып қана қоймай, өзгелерді де разы етіп отырған жандар да жоқ емес.

Самар ауылына үш шақырым жетпей жалт бұрылып солға кететін күре жол бұл күндері «Алтын құмдауыт» аталып кеткен демалыс базасына апарады. Екі ортада айналасы су, өзі жасыл желекке оранған Миролюбовка деп аталатын шағын ғана ауыл бар. Ертіс өзені осы ауылдың тура оң қапталынан жанамалай ағады.

Осы ауылда көппен бірге төрт баланың әке-шешесі Милләт пен Олеся да қарапайым тірлік кешіп жатыр. Бұл отбасының өзге ауылдастарынан бір өзгешеліктері – бұлар іргелеріндегі Ертістен балық аулап, оны жуып-шайып, тазалап, тұздап, қақтап, мұздатып т.б. өз тұтынушыларына өткізеді. Қазіргі тілмен айтар болсақ, шағын бизнестерін дөңгелетіп отырған жайлары бар. Олеся Белоусовканың тумасы. Осы ауылдың келіні екен. Жолдасы Милләт балық ауласа, оны жуып-шаю, тазалап, тұздап, кептіру, түтінге сап қақтау бәрі Олесяның мойнында.

Әрине, Милләт: «Балығыңды аулап әкеп бердім, қалғанын өзің ыңғайлап ал» деп қол қусырып жатпасы белгілі. Отбасылық бизнес болғасын, бір-біріне септесіп, бірінің қолын бірі ұзартып отырмаса бола ма?!

- Бұл ауылда балықпен айналысатын бізден басқа да  отбасылар бар, – дейді Олеся. – Олардың балық дайындаудағы амал-тәсілдерін (рецепт) біз білмейміз, біздікін олар білмейді. Олардың өнімдерін тұтынатын тұтынаушылары бізден, біздің тұтынушыларымыз олардан балық алмайды. Әу бастан солай қалыптасқан.

- Қысқасы, бір-бірлеріңізбен бәсекелессіздер ғой, солай ма? Сонда балықтарыңыздың дәмі бір-біріне ұқсамайтын боп тұр ғой?

- Иә, бәсекелеспіз деп айтуға да болады. Себебі бәсеке – бизнестің қамшысы емес пе?! Былай қарасаңыз ағып жатқан бір өзен. Ондағы балықтың түрлері де біргелкі. Күнделікті ауланатын көлемі де шамалас. Бұл жерде ең басты мәселе – балықтың қандай рецеппен дайындалуында, – дейді Олеся. – Ауланған балықтан ойыңа не келсе соны жасауға болады. Айталық, балықты тұздауға, сүрлеуге, қақтауға, сорпа жасап ішуге, қуырып жеуге, фарш жасап котлет, самса т.б. пісіріп жеуге болады. Бұл енді, балықты күнделікті пайдаланатын адамдардың ас мәзіріндегі ахуал десек болады. Ал біздің айналысып отырған кәсібіміз балықты түтінге ыстап, қақтау.

 

Жыл құстары секілді балықтар да көшеді

 

- Ыстап-қақтағанға дейін балықты жуып-тазалап, тұздап дегендей әуелі дайындау керек шығар?

- Әрине, қақталған балықтың иісін айтпағанда, өзіндік ерекше дәмі болуы үшін түрлі эксперименттер жүргізген кездеріміз де болған. Балық тұзды суда қанша уақыт тұрып, түтінге қашан және қанша қақталуы керек. Тіпті пешке жағатын отынды да дұрыс таңдай білмесең, балықтың иісі, дәмі көңілдегідей шықпай қалуы мүмкін. Өнімнің дайын болған-болмағандығын қалай білеміз? Міне, балықтың дәмінің тіл үйіретіндей болуына осының барлығы рөл ойнайды.

Балықшылар отбасының сөзінен ұққанымыз, балықты көңілің қалаған уақытта барып аулай салмайды екенсің. Аулаудың да өз тәсілі мен уақыты, арнайы құрал-жабдықтары болады екен. Бұл жайында үйдің отағасы Милләт ініміз айтып берді.

- Өзеннің орта тұсына барып балыққа ау салу, оны дер кезінде жинап алу бір кісінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Бұл жағынан көмекші боп жүрген өзімнің балдызым. Балық аулауға ең қолайсыз уақыт қыс мезгілі. Олай дейтінім,  сақылдаған сары аязды айтпағанда, қалың боп қататын мұзды оюдың өзі біраз шаруа. Өзенде құдайға шүкір балықтың түрлері көп. Айталық лещь, карась, судак, шортан секілді ірі балықтарды күз және көктем айларында аулаған жеңілірек. Себебі бұлар біз ойлағандай бір жерде үйірімен жүрмей, жыл құстары секілді өзен бойымен арлы-берлі көшіп жүретін көрінеді. Менің ұққаным, мысалы, олар күз айларында өзеннің ағысымен солтүстік жаққа ауа көшсе, көктемде кері қайтып отыратын секілді. Біздің аулап, қақтап пайда көріп отырған балығымыз репус деп аталатын, кішкентай ғана шабақтектес балық. Жаз бойы осы репустарды аулаймыз.

- Ауды қай кезде, қалай құрасыздар?

- Өзенге ау құрудың да өзіндік амал-айласы бар. Айталық, біз ауды түс ауа немесе күн еңкейе бере өзеннің ортасына қайықпен барып құрып кетеміз де, түнгі сағат 12-лер шамасында барып жиып аламыз. Ол жұмыстың да өзіндік ауы мен бауы толып жатыр. Ауланған балықтарды тез арада шапшаңдатып іске жаратып алмасаң, балық өте жылдам бұзылып кетеді.

 

Көл-дария секілді пейілдері-ай!

 

- Ары-бері өткен демалушылар сіздерден үнемі балық алып тұратын көрінеді, сол рас па?

- Иә, біздің дайындаған балықтардың дәмін бір татып көргендер басқа жерден балық сатып алмайды. Өздеріңіз білесіздер, анау көлдің жағалауында демалыс базалары орналасқан. Онда Самар мен осы ауылдың адамдарын айтпағанда, Өскемен, Семей, Астананадан тіпті Ресейден де келіп демалатындар бар. Солар қазір ары өтсе де, бері өтсе де арнайы аялдап біздің балықтарымызды алып кетеді. Біз бағасын да аса қымбатқа қойып отырған жоқпыз.

- Бағасы қанша сонда?

- Қақтаған балықтың бір килограммы 1800 теңге. Ал, қалада мұндай балықтың келісі 3500-4000 теңгеден саудаланады.

Балық қақтаумен айналысқандарына үш жылдың жүзі боп қалса да Милләт пен Олеся келініміздің балық қақтап отырған тәсілдері де, құрылғылары да әзірге қолдан жасалған, қарапайым ғана. «Болашақта «Қытайдан немесе Ресейден арнайы балық қақтайтын құрылғылар алдырамыз ба?!» деген ойымыз бар» дейді. Қазіргі күні балық сақтайтын мұздатқыштары да аздық етіп жүрген секілді.

Балықтарды тұздан шығарғасын бір мәрте кептіру керек екен. - Оған арнайы желдеткіш болмаса табиғи жолмен кептіріп үлгермейсің, – дейді балықшылар.

- Ауылдарыңыз күре жолда орналасқан екен. Үйдің алдына балық сататын бір дүңгіршек немесе лавка қойып қоюға болмай ма әлде рұқсат етпей ме?

- Бұл мәселе бойынша ауыл әкімдігімен сөйлестік, олар қарсы емес. «Ең бастысы сатылымға қойылған өнімдер санитарлық талаптарға сай болса болды» дейді. Бұйырса, алдағы уақытта бір шағын лавка қойып, маңдайына «Қақталған балық!» деп жазып қоймақпыз.

Алғаш көрген адамы болса да жаттығы жоқ, көңілдері көл Милләт пен Олесяның үш жылдан бері жоқтан бар жасап, жүргізіп отырған шағын кәсіптеріне сәттілік тілеп, қоштасар сәтте қақталған репустан бірер келі сатып алмақ ойым барын айтқам. Осыны күтіп тұрғандай қасымда жүрген жергілікті жігіттер де: «Бізде біразын алып, үйге апарып, дәмін көрейік» деп саудаласуға ыңғай танытқан.

Мұны байқаған Олеся келініміз дереу мұздатқыштан бір жәшік қақталған репус алдырып, әр қайсымызға екі-үш келіден балық салып берді. Енді ақшасын төлейік десек, «Жоқ, ағалар! Сіздер қонақсыздар, оның үстіне біздің мынау азғантай кәсібімізді жазамыз деп игі мақсатпен келіп тұрсыздар. Сондықтан ақша алғаным ұят болады, ас болсын!» деп азар да, безер болды...

Ұлты бөлек болса да тілегі бір, ғұрпы бөлек болса да жүрегі бір Олеся келіннің кең пейілі мен атымтай жомарттығына риза болдық.

Жолда келе жатып, қазақтың ибалы да, иманды, кең пейілді келіндеріне арналған «Ақ босаға» әнінің:

Пай-пай шіркін!

Қазақтың келіндері-ай,

Көл-дария секілді пейілдері-ай, – деген өлең жолдары көпке дейін ойымнан кетпей қойды...

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив