Көпбалалы аналарды қолдау: жәрдемақылар мен жеңілдіктер
Статистика бойынша еліміздегі кедей отбасылардың 90 пайызы – көпбалалы. Сондықтан көпбалалы ата-аналарға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсету аса маңызды. Көпбалалы отбасыларға қандай жәрдемақылар мен жеңілдіктер беріледі және оларды қалай пайдалануға болады? Осы және басқа да өзекті мәселелер жөнінде біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша орынбасары Айжан Агибаевадан сұраған едік.
Еліміздің тұрғындары жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Көпбалалы отбасылар демографиялық ахуалымызды жақсартуға қомақты үлес қосып отыр. Осы ретте ел Үкіметі түрлі қолдау шараларын ұсынуда. Бұл шаралардың бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Сол себепті әрқайсысына бөлек-бөлек тоқталып көрейік.
Мөлшері жыл сайын өсіп отыр
Елімізде төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Бұл ретте баласы кәмелет жасына толғаннан 23 жасқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуға тиіс екенін ескерген жөн. Алты бала туған көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал жеті не одан көп бала туған көпбалалы аналарға «Алтын алқа» беріледі.
– Соңғы бес жылда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3692 теңгеге дейін ұлғайтылған соң жәрдемақы мөлшері де көтерілді. 2024 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей.
Төрт балаға – 59 183 теңге, бес балаға – 73 988 теңге, алты балаға – 88 793 теңге, жеті балаға – 103 598 теңге. Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – ай сайын әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі.
Жоғарыдағы санаттардан басқа «Алтын алқа», «Күміс алқамен» және басқа да ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға бөлек жәрдемақы тағайындалады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 7,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Жәрдемақыны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына өтініш жазып, жеке басты куәландыратын құжатты, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғанын растайтын құжатты ұсынуы қажет, – дейді Айжан Төлеуғалиқызы.
Жәрдемақыны алудың үш жолы
Жәрдемақы келесі құжаттармен бірге өтініш беретін отбасылара тағайындалады.
Атап айстақ, жеке басын куәландыратын құжат (электрондық нұсқада болуы мүмкін), балалардың туу туралы куәліктері (цифрлық құжаттар сервисінен электрондық нұсқаны да ұсынуға болады), егер күндізгі бөлімде оқитын студенттер болса (18 жастан асқан, бірақ 23 жастан кіші), онда 29-қосымшаға сәйкес форма бойынша оқу орнынан анықтама ұсыну қажет, балаға қамқоршылық жасалған немесе асырап алынған жағдайда қамқоршылықтың белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан асырап алу туралы мәліметтер, өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда некені қию, бұзу туралы куәлік (цифрлық құжаттар сервисінен цифрлық нұсқаны ұсынуға болады), егер отбасы толық емес болса және балалар ата-анасының бірімен тұрса, онда сот шешімін ұсыну қажет (балалардың ата-анасының бірімен тұруын растау үшін).
Егер азаматша көпбалалы отбасы бола тұра, бұл жәрдемақыны алмаған болса, жоғарыдағы құжаттарды алып «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету ораталықтарына барып, мән-жайды анықтауы керек.
– Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындауғаүш жолмен жүгіне аласыз.
Бірінші әдіс – онлайн, мұны сілтемеге өту арқылы жасауға болады. Электрондық құжаттарды қоса беру қажет: балалар туралы, неке қию/бұзу туралы, қорғаншылық/қамқоршылық туралы, бала асырап алу туралы мәліметтер, банк шотының деректері, содан кейін ЭЦҚ көмегімен құжатқа қол қою.
Екінші әдіс ұялы телефонға СМС-хабарлама арқылы ұсынылады. Бұл әдіс өтініш берушінің мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда мүмкін болады. Жәрдемақы тағайындау үшін көрсетілетін қызметті алушының проактивті қызметке келісімі, сондай-ақ банктік шот нөмірін растау немесе ұсыну қажет.
Егер онлайн немесе проактивті қызметтерді пайдалану мүмкіндігі болмаса, онда азамат ХҚКО-ларға барып өтініш бере алады.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері, өтінім берудің үш тәсілінің қайсысына қарамастан, жеті жұмыс күнінен аспайды, – дейді спикер.
Алқалармен марапатталған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы жайлы толық айтып өтсек, алты баланы дүниеге әкелген және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа» беріледі, ал жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» тағылады.
Алқалары және ордендері бар көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. «Күміс алқамен» марапатталғандарға 6,4 АЕК немесе 23 629 теңге, «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға 7,4 АЕК немесе 27 321 теңге төленеді. Бұл төлемдер өтініш берілгеннен кейін есептеледі. Өтінішті жоғарыда сипатталған үш жолмен беруге болады. Аталған құжаттардан басқа, көпбалалы ананы марапаттау немесе атағын алу туралы растау қоса берілуі керек.
Құжат рәсімдеу жеңілдей түсті
Қазір елімізде жаппай цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл тұрғыда әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында ауқымды жұмыстар жүруде.
Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарға 1327 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, оның ішінде зейнетақы және жәрдемақылардың 42 түрі бойынша қызмет көрсетеді.
– Біздің корпорация цифрландыру процесінің көшбасшысы ретінде мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, автоматтандырып, ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Себебі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар әлеуметтік мәселелерді де қамтиды. Мәселен, адамның өмірлік жағдайларына байланысты мемлекеттік қызметтерді кешенді түрде проактивті тәсілмен ұсынуға күш салып жатыр.
Атап айтқанда, бірнеше жыл бұрын іске қосылған проактивті қызметке сәйкес жаңа босанған әйелдер бала тууға қатысты мемлекеттік қызметтерді перзентханадан шықпай-ақ ала алады. Телефон СМС-хабарламасы арқылы сәбидің куәлігін алып, балабақшаға кезекке қою ғана емес, бала тууға байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған, – дейді Айжан Төлеуғалиқызы.
Әлеуметтік кодекс бойынша 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері өзгертілді және жоғарыда айтылғандай бұл қызмет түрін проактивті форматта тағайындауға, СМС арқылы рәсімдеуге болады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет қаражатынан 35 АЕК мөлшерінде төлем жүргізіледі. Бұған қоса, міне бір жыл болды, көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта беріледі. Бұл жоба өткен жылдың мамырында пилоттық ретінде енгізілген. Әйелдерге төртінші және одан да көп баланы туған кезде тағайындалатын көпбалалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну міндет емес, мемлекеттің өзі бәрін қашықтан СМС арқылы рәсімдеуді ұсынады. Мұнда клиенттің СМС-ке келісімі ғана керек. Қажет мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. СМС алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуге тиіс. Егер әйел қандай да бір себептермен СМС арқылы қызмет ала алмаса, ол бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.
Айта кетейін, осы жылдың алғашқы 6 айында 26 746 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 11 006 қызмет проактивті форматта тағайындалған.
Тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Көпбалалы отбасыларға тағы бір жеңілдік бар. Олар мемлекеттік қордан немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқылы.
– «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар да бірқатар салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеуден босатылған. Атап айтсақ, олар – көлік құралдарына салынатын салық (бір автокөлік құралы бойынша), тұрғын үй қоры, оның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылыстар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық, үй маңындағы жер учаскелері бойынша салық, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық (АЕК мөлшерінің 1000 еселенген шегінде), нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баж, зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заңдық маңызы бар іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж. Бұлар – мемлекеттік қызметтер көрсеткен кезде қолданылатын жеңілдіктер, – дейді директордың әлеуметтік қамсыздандыру бойынша орынбасары.
Заңға сәйкес бес және одан да көп бала туған (асыраған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналардың 53 жасында зейнетке шығуға құқығы бар.
Көпбалалы отбасына жәрдемақы төлеу бірқатар жағдайда тоқтатылады. Айталық, жәрдемақы алушы Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетсе, бала қайтыс болып, отбасы көпбалалылар санатынан шығарылса, жәрдемақы алушы бас бостандығынан айырылса, жәрдемақы алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрса, жәрдемақы мен көпбалалы деген статус тоқтатылады.
Жалпы барлық сұрақтарды мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері, яғни ХҚКО-лардан барып білуге болады немесе 1414 колл-орталық арқылы да білуге болады. Жалпы, облыс бойынша мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік қамсыздандыру бэк-офисі Өскеменде, Қабанбай батыр көшесі 159/4 ғимаратындағы 3 қабатта орналасқан. Жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзілісі – 13.00-ден 14.30-ға дейін. Сенбі, жексенбі күндері – демалыс.