Өскеменде көз тартар көрікті жерлер көбейді
Өскемен – әні мен сәні жарасқан әсем қалалардың бірі ретінде жыл сайын жаңғырып, жаңарып, өркендеп келеді. Қала көшелері жөнделіп, жаңадан скверлер салынуда. Облыс орталығындағы серуен алаңдарының саны арта түсті. Биыл да әдеттегідей Қала күні қарсаңында бірқатар нысан пайдалануға беріліп, он күн бойы мерекелік, спорттық іс-шаралар легі өтті. Алыс-жуықтан арнайы шақырылған құрметті қонақтар мен өнер жұлдыздары мерекелі күндердің сәні мен салтанатын асырды.
Өскемендіктер әдеттегідей биыл да Қала күні қарсаңында өткен ғасырға саяхат жасап қайтты. Мерекелі күнге орай Өскемендегі Достық үйінің алаңында кереметтей кеш өтті. Мерекеге жиылған көпшілік қауым көзден кетсе де көңілден өше қоймаған, бұл күнде естелікке айналған ескі күндерге саяхат жасап қайтты. Мерекелік іс-шарада 70-ші, 80-ші, 90-шы жылдардағы стиль көрсетіліп, ескі де есті әуендер шырқалды.
– Жыл сайын қала күнін атап өту үшін біз мерекелердің толық онкүндігін жариялаймыз. Кеше біз мерекені Потанин мен Астана көшелеріндегі аллеяның ашылуымен бастадық. Ал бүгін қала тұрғындарына ұнайтын негізгі іс-шаралардың бірін өткізудеміз. Жыл сайын бұл мерекеге мыңға жуық адам келіп, өзгеше эмоция мен естен кетпес естелікке куә болып қайтады, – деді ретро кеште қала әкімі Жақсылық Омар.
Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған аталмыш кеште өткен ғасырдың үздік әндері шырқалып, ескі стильдегі фотобұрыштар да қойылды. Тұрғындар да мерекеге сай киініп, көңілді кештің көркін кіргізді. Ал көліксүйер қауымға ретро машиналардың көрмесі ұйымдастырылды.
– Ретро фестивальге арнайы келдім. Өзім қала шетінде тұрамын. Көрмеге қойылған ретро көліктер өте ұнады. Көліктердің қасынан кете алмай жүрмін. Фестивальге келген тұрғындар да 90-шы жылдардың стилінде киініп келген екен. Оның үстіне бұл кеш қаладағы ескі ауданда өтіп жатқандықтан өзімді өткен ғасырға тап болғандай сезініп тұрмын. Барлығы тамаша өтуде. Осындай ретро кештің жыл сайын өтіп тұрғанын қолдаймын, – деді қала тұрғыны Базарбек Болатұлы.
Осылай облыс орталығының тұрғындары ескі күндердің естелігін еске салар керемет кешке куә болып қайтты. Ал ән-күйге толы әсем қаладағы мерекелік шаралар легі әр жерде жалғаса түсті.
Бірге туғандар шеруге шықты
Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар Астана жағалауында жалғасты. Өскемендіктер бұл кеште «Бірге туғандар!» атты егіздер және үшемдер фестивалін, «Арба ұстаған аналар шеруі» байқауын тамашалады. Егіздер мен үшемдер фестивалінде үміткерлер үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең – блиц-парад. Бұл дегеніміз салтанатты шеру, дефиле. «Қос тамшы» деп аталған келесі кезеңде қатысушылар жүргізушімен диалог құрып, өздерін таныстырды. Хоббиі мен қызығушылықтары жайлы әңгімеледі.
Ал соңғы кезеңде «Біз бірге бәрін істей аламыз!» деген ұранмен шыққан қатысушылар шығармашылық қабілеттерін паш етіп, Қала күнін жоғары деңгейде атап өтуге жиналған көпшіліктің көзайымына айналды.
– Аяла және Аяна деген егіз қыздың анасымын. Егіздер фестивалі туралы ести сала бірден тіркеліп, қатысуға шешім қабылдадық. Бүгінгі мерекелік фестивальге ұлттық нақыштағы киіммен қатыстық. Әр мейрам сайын қыздарыма ұлттық киім кигізгенді жөн санаймын, – деді егіздің анасы Айдана Серікбекқызы.
Ал «Арба ұстаған аналар шеруінде» жас отбасылар алты номинация бойынша бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша «Ең сүйкімді және тартымды арба», «Техно-арба», «Спорттық рекорд» , «Табиғат әлемі», «Ертегі арба», «Ерекше жанрдағы арба» аталымына лайық деп танылған аналарға бағалы сыйлықтар табысталды. Ары қарай мерекелік кеш әсем әнге ұласты.
Әсем қала әнге айналды
Шығыстың бас шаһарында Қала күнін мерекелеу аясында «Өскеменім» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Жаңа әнді тамылжыта орындаған – облыстық филармонияның майталман әншілері Арника Байбусынова, Эльдар Уадинов, Роман Хохлов және Айжан Рахымбекова.
Қаламыздың ерекше рухы мен қайталанбас атмосферасын бейнелейтін есті ән шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша сыйлық болды. Әсіресе, гүлденген Өскеменнің бүкіл сұлулығын жеткізе білген бейнебаян әсерлі шыққан.
Бейнеролик әсем қаламызды қоршап тұрған табиғи ландшафтты заманауи қалалық көріністермен үйлестіре отырып, табиғат пен сәулеттің қайталанбас ерекшелігін көрсетеді.
Әннің әрбір сөзі мен бейнебаяндағы қаланың келбетті көркі, сәнді де сәулетті үйлері, зәулім ғимараттары мен жасыл желегі бейнеленген әр кадры өскемендік тұрғындардың туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін паш етеді. Бұл мақтаныш сезімін қала тұрғындарының қуанышты жүздерінен де байқау қиын емес.
Сонымен қатар мерекелі күн қарсаңында қала ішіндегі Арбатта мемлекеттік тілді насихаттауға және дамытуға бағытталған «Кел, сөйлесейік» жобасының финалдық кезеңі аяқталып, жеңімпаздар марапатталды. Бұл жоба мемлекеттік тілді меңгерсем деген тұрғындардың басын бір арнада тоғыстырды. Рухани шара телешоу форматында өтіп, қортынды кезеңде жеңімпаздар бірнеше кезең бойынша жарысқа түсті.
Тіл сайысының финалына шыққан 36 жастағы Ирина Егорова мен оның 9 жасар ұлы Егор ерекше көзге түсіп, жоғары білім деңгейін көрсетті. Олар «Кел, сөйлесейік» клубының негізінде мемлекеттік тілді меңгерген.
– Біздің мұғалім осы байқауға қатысуды ұсынды. Осылайша байқауда білімімзді сынап көруге бел байладық. Өзіміздің тілді меңгеру деңгейіміз жаман емес екендігіне бүгін көз жеткіздік. Мен үшін қазақ тілін білу күнделікті өмірде ғана емес, жұмыста да маңызды. Мен бухгалтер болып жұмыс істеймін және құжаттар көбінесе екі тілде жүргізіледі. Сондықтан мен үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңызы зор, – деді Ирина Егорова.
Жобаның финалында тіл клубының бірнеше айлық жұмысы қорытындыланды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болып, ұйымдастырушылар атынан марапатталды. Осылай Қала күні қарсаңында қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, тұрғындардың тіл үйренуге деген талпынысы артты.
Батырлар күш сынасты
Қала күні қарсаңында өткен спорттық шаралардың да қатары көп болды. Соның бірі ретінде Өскемен қаласында грек-рим, еркін күрес, ММА бойынша бойынша өткен «Ұлы дала батырлары» атты халықаралық жекпе-жек сайысын атауға болады. Оған бірқанша елдің білекті балуандары мен қазақстандық спортшылар қатысты.
Облыстың бас шаһарында өткен жауынгерлер сайысының құрметті қонаға ретінде еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, 2021 және 2022 жылдардағы Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Шамиля Науханнұрқызы, Республиканың еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Мәдина Науханнұрқызы, Низа лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы Диас Ергайпов қатарлы мықтылар қатысты.
– Бұл жекпе-жек сайысы Қала күніне орай өтіп жатыр. Бразилия, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен спортшылар келіп қатысуда. Сонымен қатар Қазақстанның спортшылары, соның ішінде өскемендік жекпе-жек шеберлері облысымыздың намысын қорғауда. АҚШ-тан келетін бір спортшымыз визасы дұрыс болмай жете алмай қалды. Басты мақсатымыз қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, жастарға рух беру, жауынгер жастарға қолдау көрсету. Шараны қала әкімдігінің қолдауымен өткізіп жатырмыз, – дейді сайысты ұйымдастырушы, ММА менеджері Дамир Жанболатұлы.
ММА «Ұлы дала батырлары» халықаралық турнирінде әртүрлі салмақ дәрежесінде сайыстар өтті. Спорттағы сайыпқырандар сайысына Өзбекстаннан бес, Тәжікстаннан бір, Бразилиядан бір және Қазақстаннан 12 балуан қатысты. Жекпе-жек кешіне жиналған жастардың қатары көп, қолдауы жоғары болды.
– Бұған дейін де бірқатар жарысқа қатысып, жетістіктерге жеттім. Катонқарағай ауданының тумасымын. Бүгін барымды салып Өскеменнің намысын қорғайтын боламын. Осындай халықаралық үлкен жарыстың қаламызда өтуі бізге үлкен қолдау болып, жігер беріп отыр. Бүгін 57 кг салмақта сайысқа түсемін, – деді өскемендік жауынгер Ерназ Тұрсынбеков.
Сөйтіп Қала күні қарсаңында Өскемен тұрғындары мықтылардың жекпе-жектеріне куә болып, жакуынгерлер сайысын тамашалап қайтты.
Сонымен қатар облыс орталығындағы «Самал» саябағында «Oskemen Tartyl Fest» турникке тартылу фестивалі өтті. Бұл спорттық шара Қала күні мен Конституция күні аясында ұйымдастырылды. Әртүрлі жастағы және салмақ дәрежесіндегі ер адамдар турникке тартылып, бәсекеге түссе, әйелдер планкаға тұрып жарысты.
– «Tartyl fest» фестивалі биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы жалпы жүлде қоры 800 мың теңге болды. Ерекше көзге түскен қатысушыларға да алғыс хат пен сыйлықтар табыс етеміз, – деді Өскемен қаласының денешынықтыру және спорт бөлімінің қызметкері Әділет Маратұлы.
Бұл күні спорттық шараны қызықтай келген көрермендердің де қатары көп болды. Қатысушылар мұндай іс-шаралар жастардың салауатты өмір салтына бейімделіп, өздерін көрсетуге зор мүмкіндік беретінін айтады.
– Өзім биыл алғаш рет қатысып отырмын. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылса жылда қатыссам ба деген жоспарым бар. Қала тұрғындарының, әсіресе жастардың белсенділік танытуы қуантады, – дейді қатысушы Әділет Есімханов.
Фестиваль соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етіліп, жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды.
Серуен аймақтары ашылды
Көрікті қаланың ішіндегі серуен алаңдарының саны арта түсті. Ескісі жөндеуден өтіп, жаңартылса, бірқатары жаңадан салынды. Солардың бірі – Шәкәрім даңғылы бойындағы жаңа сквер. Жаз бойы мұнда қызу жұмыс жүргізіліп, жаңа бордюрлер төселіп, ғимараттардың қасбеті жаңартылған.
– Шәкәрім даңғылы бойындағы жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл – ескі қаланың жаңа келбеті. Барлығыңыз білесіз, жылдың басында әкімдіктің қаулысымен бірнеше орталық көшенің дизайн-кодын бекітіп, қалының архитектуралық келбетін ретке келтіруді қолға алғанбыз. Ескі көшелер жөнделгеннен кейін адамдарға басқаша көңіл күй сыйлары анық. Тұрғындардың жүріп-тұруына да ыңғайлы болады, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Айта кету керек, аталмыш көшенің абаттандырылуын, жаңа демалыс орнының ашылуын тұрғындар көптен күткені рас. Себебі бұл жерде абаттандыру жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізілмеген еді.
– Қала тұрғыны ретінде осындай шаралардың өтіп жатқанына қуаныштымын. Шаһарымыз жыл сайын көркейіп келеді. Соның бір дәлелі – жаңа сквердің ашылуы. Бұрын Ворошилов болып келген көшенің аты ауысқалы бері мұндағы халық Шәкәрімнің кім екенін тереңірек біліп жатыр деп ойлаймын. Мереке қарсаңында ескі көшенің жаңғыруы қала келбетіне көрік бере түскен сыңайлы, – деп атап өтті Өскемен тұрғыны Гүлбаршын Абылғазинова.
Сонымен қатар Астана, Потанин мен Қашаубаев көшелерін байланыстыратын аллеяға да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қала күні қарсаңында көпшіліктің игілігіне берілді. Осы орайда айта кетейік, Потанин, Астана және Қашаубаев көшелерін байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған жол талай жыл бойы жөндеу көрмеген. Жарық бағаналары мен жаяулар жүретін жолға төселген тақталар әбден тозып кеткен. Бұл аймақ енді әдемі аллеяға айналып отыр. Аллеяға жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, жарық шамдары орнатылған. Жаяу жүргіншілер жолының барлығы жаңартылған. Жаңа алеяда қазір кешкі серуен құрушылардың қатары көбейді.
Үлбінің жағасы жарқырай түсті
Қала күні қарсаңында ашылып жатқан құрылыс нысандарының қатары көп. Солардың бірі – Үлбі өзенінің жағасындағы серуен аймағы. Бұған дейін ағаш өсіп, оның арасы қоқысқа айналған жабайы жағалау қазір жарқырап тұр. Тіпті, Үлбі жағалауы арқылы айналма жол салынып, Абай даңғылы, Үлбі көпірі және Астана көшесіндегі көлік ағыны реттеле түсті.
Ал Үлбі өзенінің жағалауы заманауи демалыс орнына айналып отыр. Жағалау толық абаттандырылып, үш жерде субұрқақ салынған. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстауды дамыту мақсатында спорт алаңы мен ойын алаңдары салынған. Қазірдің өзінде тұрғындар өзен бойындағы жаңа қыдыру алаңында серуендей бастады. Бұл алаң Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Қала күніне орай толықтай халық игілігіне берілмек.
Сонымен қатар қала тұрғындарының игілігіне берілген тағы бір демалыс аймағы – Мамыргүл сквері. Гүлді алаң заманауи үлгіде абаттандырылып, қала ішіндегі әдемі демалыс орындарының біріне айналды. Балалар ойын алаңы салынып, жаңа демалыс орындықтары орнатылды.
Жалпы биыл Өскемен қаласын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтар болсақ, Қазақстан көшесі абаттандырылып, орталық универсам алдында жаңа сквер салынды. Сондай-ақ қала ішінде 30 аула абаттандырылып, Защита ауданындағы тозығы жеткен стадион да жөндеуден өтті. Өзге де жылдар бойы жөндеусіз тұрған саябақ-скверлерге (Өскемен аллеясы, Комендатка өзені бойындағы демалыс орны, «Нұрлы жол» саябағы, Протозанов көшесі бойындағы Үлбі жағалауына) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылай облыс орталығы күн санап гүлденіп, көркейіп келеді. Табиғаты тамаша қалада қыдыру аймақтары да көбейе түсті. Өскемен тұрғындары жыл сайын осылай Қала күнінде қуанышты жаңалықтарға кенеліп, мерекелік шараларға куә болып келеді.