KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Өскемендіктер өткен ғасырға саяхат жасап қайтты

27.08.2024, 09:10 196 Ынтымақ Толқын

Қала күніне орай Өскемендегі Достық үйінің алаңында керемет бір кеш өтті. Мерекеге жиылған көпшілік қауым көзден кетсе де көңілден өше қоймаған, бұл күнде естелікке айналған ескі күндерге саяхат жасап қайтты.

Мерекелік іс-шарада 70-ші, 80-ші, 90-шы жылдардағы стиль көрсетіліп, ескі де есті әуендер шырқалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жыл сайын қала күнін атап өту үшін біз мерекелердің толық онкүндігін жариялаймыз. Кеше біз мерекені Потанин мен Астана көшелеріндегі аллеяның ашылуымен бастадық. Ал бүгін қала тұрғындарына ұнайтын негізгі іс-шаралардың бірін өткізудеміз. Жыл сайын бұл мерекеге мыңға жуық адам келіп, өзгеше эмоция мен естен кетпес естелікке куә болады, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған аталмыш кеште өткен ғасырдың үздік әндері шырқалып, ескі стильдегі фотобұрыштар қойылды. Қала тұрғындары да мерекеге сай киініп, көңілді кештің көркін кіргізді. Ал көліксүйер қауымға ретро машиналардың көрмесі ұйымдастырылды.

– Қала күніне орай өтетін ретро фестивальге арнайы келдім. Өзім қала шетінде тұрамын. Көрмеге қойылған ретро көліктер қатты ұнады. Көліктердің қасынан кете алмай жүрмін. Фестивальге келген тұрғындар да 90-шы жылдардың стилінде киініп келген екен. Оның үстіне бұл кеш қаладағы ескі ауданда өтіп жатқандықтан өзімді өткен ғасырға тап болғандай сезініп тұрмын. Барлығы тамаша өтуде. Осындай ретро кештің жыл сайын қайталанғанын қолдаймын, – деді қала тұрғыны Базарбек Болатұлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу