АЭС бойынша жарияланған конкурс әлі күшінде – министр
Фото: top-fon.com
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгін Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында АЭС құрылысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Үкіметтің назарында тұрған жобалардың бірі – Атом электр стансасын салу. Тиісті Жол картасы бар, қазір соның аясында нысан салынатын орынды таңдау жөнінде қоғамдық тыңдау өтеді. Әрі қарайғы шешім сол қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша және Үкіметтің сарапшылармен ақылдасуынан кейін қабылданады. Қазақстан атом электр стансалары туралы қазір өткізіп жатқан конкурс әлі күшінде. Ол жерде бірнеше әлеуетті қатысушы бар. АЭС салу туралы талай айттық. Конкурсқа қатысушылардың қатарын кеңейттік және Жол картасы аясында жұмыс істеп жатырмыз», – деді энергетика министрі.