Мусин интернет операторларына айыппұл салуға уәде берді
Фото: entrepreneur.com
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет операторларына жыл соңына дейін 4 млрд теңге айыппұл салуға уәде берді.
Операторлар айыппұлдардың көлемі аз болғандықтан интернет сапасына аса мән бермейтін көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Мәселен, 2020 жылы біз 100 млн теңгеге дейін ғана айыппұл жазып бергенбіз операторларға. Ал биылғы жарты жылдың өзінде 1,5 млрд теңгенің айыппұлын салып үлгердік. Жыл аяғына дейін тағы 4 млрд теңгедей айыппұл саламыз, мен осыған уәде беремін. Бұл – олардың қалтасына айтарлықтай салмақ. Сондықтан олар ойланып, белгілі бір нақты шаралар ұсына бастады», – деді министр.
Министр «ведомство айыппұлды көтерген соң операторлар да тарифті көтерді» деген түсініктің қисынға келмейтіні алға тартты.
«Тарифті біржақты тәртіппен көтеру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Мәселе инвестицияның бар-жоғында. Айыппұлды көтеріп едік, олар сапаны көтеру керектігін түсінді», – деді Бағдат Мусин.