Қазақстанда майлы дақылдар мен мал азығы егістігі көбейеді

Фото: naryk.kz
Қазақстанда бидай алқабы қысқартылып, босаған жерлерге майлы дақылдар және мал азығы егілмек.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 23,8 млн гектарға егу жоспарлануда, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз. Бидай егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 429,2 мың гектарға қысқарады. Министрлік бидайдың орнына әлеуметтік маңызы бар және жоғары табысты дақылдарды өсіруді көздеп отыр.
Облыс әкімдіктерінің мәліметінше, майлы дақылдар алқабын 3,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Атап айтқанда, күнбағыс егіс көлемі 1,2 млн гектарға дейін жетеді. Қант қызылшасы 25 мың гектарға дейін, мал азығы 3,2 млн гектарға дейін жеткізеді.
Сонымен қатар шаруаларды суару суымен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты суды көп қажет ететін егістік алқаптары: мақта 100 мың гектарға, күріш 93,9 мың гектарға дейін қысқарады.
Оның айтуынша, Министрлік саладағы бар проблемаларға талдау жүргізген. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені дамуының тежелуінің бір себебі – өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың нашарлығы деген қорытындыға келді. Сондықтан ведомство қазақстандық егістіктерге егілетін дақылдарды әртараптандыруды жоспарлап отыр.