Қала көшелерінің дизайн-коды бекітілді – Өскемен
Өскемен облыс орталықтарының арасында бірінші болып дизайн-кодты қабылдады.
Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін қалалық әкімдікте Өскеменнің дизайн-кодын әзірлеу бойынша жұмыстың тұсаукесері өтті.
Осы жұмыс аясында облыс орталығындағы ескі көшелер жаңартылмақ. Жоба бойынша ең бірінші Қазақстан көшесі жөнделеді.
- Дизайн-код дегеніміз кез келген қаланың архитектуралық келбетін ретке келтіретін тәртіп. Сондықтан біз қаладағы бірнеше орталық көшенің дизайн-кодын әкімдіктің қаулысымен бекіттік. Жоба бойынша ең бірінші Қазақстан көшесін кешенді түрде жөндейміз. Бұл ең бірінші орталық көше. Мұнда адам көп жүреді. Коммерциялық орындар да көп. Күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Қала көшелеріндегі үйлердің бірінші қабаты көбінде кәсіпкерлерге тиесілі. Олар да ғимараттың сыртын осы қабылданған дизайн-кодтың негізінде әрлеуге тиіс. Біздің шешімді қала кәсіпкерлерінің қолдайтынына сенемін, - деді Жақсылық Омар.
Айта кетелік, аталмыш дизайн-код тек ескі үйлер үшін қабылданған. Ал қаланың жаңа аудандары үшін басқа код болмақ.
Оқи отырыңыз