Педагогтерді аттестаттау қандай платформа арқылы іске асырылатыны белгілі болды
Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, педагогтерді аттестаттау жөніндегі пилоттық жоба үшін Қарағанды облысы бойынша педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы таңдалды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылау үшін жарияланды.
Бұйрықта педагогтерді аттестаттауды жүргізуге жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелер белгіленген. Аталған министрліктер мен оның құрылымдық бөлімшелерінен бөлек, Қарағанды облысының Білім басқармасы, «Өрлеу» ұлттық кәсіптік дағдылар орталығы» АҚ, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді.
Оның ішінде «Өрлеу» ұлттық кәсіптік дағдылар орталығына педагогтерді аттестаттаудың ақпараттық қауіпсіздігіне жауапкершілік жүктелген.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өзінің ақпараттық қауіпсіздіктің меншікті жедел орталығын құруды немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес үшінші тұлғалардан АҚМЖО қызметін сатып алуды қамтамасыз етсін», – делінген бұйрық жобасында.
Еске салайық, биыл педагогтерді жаңаша аттестаттау басталады.