Айналымы миллиард теңге болатын есірткі дүкендері анықталды
фото:depositphotos.com
Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) есірткі, прекурсор сатылатын мессенджер арналары мен Darknet маркетплейстерін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
ҚМА мәліметінше, мессенджерлердегі 300-ге жуық арна, тыйым салынған заттар сатылатын 4 ірі Darknet маркетплейс көзге түскен.
«Ел аумағында Telegram-арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалаумен және сатумен айналысқан 80 пайдаланушының жеке басы анықталды. Интернет-кеңістіктің Қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары болып табылатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды», - делінген хабарламада.
Талдау көрсеткендей, тұтынушылардың 50 пайыздан астамы Астана, Алматы мен Алматы облысына тиесілі.
«Агенттік былтыр айналымы 25,6 миллиард теңге болатын 36 есірткі дүкенін анықтады. Биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықталды. Қаржылық барлау бөлімшесінің алдын ала талдау қорытындысы бойынша аталған дүкендердегі ақша қаражатының жалпы айналымы 3 миллиард теңге болды».
Айналымы 82 миллион теңге болатын есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданғаны айтылды.