KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, З
443.44 480.51 4.88

Отан үшін он сегізде от кешкен

8.05.2024, 14:11 103 ALTAINEWS

Іздеп барған адамым қоңырауын бассақ та, есігін қақсақ та тырс етіп жауап бермеді. Жол бастап барған Әсет аға қолсағатына бір қарап қойды да: «Бұл кісі қазір демалып жатқан болар. Енді бір 40 минуттан соң қыдыруға шығуы керек, күте тұрайық» деді. Осы кезде қарсы пәтерден басын қылтитқан егделеу үй иесі: «Ол кісі сағат үште сейілге шығады» деді де ғайып болды.

Қасына екі немересін ертіп сырттан енген ұлты орыс кейуана да бізді көріп: «Дедушка в три часа выйдет на прогулку» деді жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатып. Яғни кейіпкеріміздің күн тәртібін маңайындағы көрші-қолаң түгел  біледі деген сөз...

Келмеске кеткен көп күндер...

Айтса-айтқандай, тура сағат үште подъездің есігі ашылды. Ашылды да, қолына таяқ ұстаған, үстінде сұрғылт пальто, басында фуражка киген орта бойлы ақсақал сыртқа шықты. Ықшамдап қойылған аппақ күмістей сақал-мұрты әдемілеп бастырылған, тап-тұйнақтай киінген қария жолбасшымды көрген жерде дабырлай амандасып, саулық сұрасып жатыр...

Көзтанысымен біраз қауқылдасқасын назарын маған бұрып: «Бұл қай бала, танымадым ғой?!» деді. Әсекең ақсақалдың құлағына тақалыңқырап менің кім және нендей мақсатпен келгенімді айтты.

– Е-е, «Дидардан» дейсің бе? Жазам десе жазсын. Менің елден жасырып-жабар ештеңем жоқ. Ендеше бұл қалсын, сен боссың, бара бер! – деді әңгімені шолақ қайырып. Үнінде әскери адамдарға тән бұйрықтың райы бар.

Бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрып жатқан ақсақалдың айтуы бойынша күнделікті таңғы сағат 8-де тұрып шәй-пәйін ішіп алғасын тура сағат 11-ден 12-ге дейін аулаға сейілдеуге шығады екен. Одан түскі асын ішіп, сәл тыныққасын, тура сағат 15-тен 16-ға дейін тағы да сейілдеп кеп, тамақтанып ап, біраз газет-журнал, теледидар қарағасын, тура сағат 22-де жатып қалатын көрінеді. Бұл кестеге ұзақ жылдардан бері ақсақалдың өзі де, бүткіл болмысы мен санасы, бәрі-бәрі көндігіп алған секілді.

Маусымның 17-сі күні бұйыртса, 100 жасқа толғалы отырған запастағы полковник ағамыздың құлағы сәл ауырлап қалғанымен сөздері анық әрі қысқа да, нұсқа. Осыдан 90-95 жыл бұрынғы оқиғаларды ұмытпапты. Қайсыбір құрдастары құсап ауа жайылып, бірді айтып, бірге кету деген жоқ. Қайсыбір оқиғалардың орны да, жылы мен айы, күніне дейін санасында сайрап тұр.

Қолымдағы диктофонымды нұсқап: – Андағыңа жазасың ба? – деді сәл күлімсіреп.

– Әрине жазам, – дедім.

– Ендеше жаза бер, – деді де өткен өмірінің өткелдері мен бөктерлерін ойша шолып кетті.

– Ертеректе Күршім ауданына қарасты Қызылтас деген ауыл болыпты. Мен 1924 жылдың 17 маусымында сол ауылда дүние есігін ашқан екем. Мен бес жасқа келген кезде «коллективизация» деген басталды. Оның аты «коллективизация» болғанымен заты сұмдық сойқан, арты қызыл қырғын болды.

– Неге, қалайша?

– Неге дерің бар ма? Ол кездегі елдің күн көрісі, барлық тіршілік көзі, ішіп-жемі де, киер киімі де мал болатын. «Коллективизацияны» желеу еткен есерсоқтар елдің сол малын бір-ақ күнде сыпырып алды. Осыдан соң ел ішінде аштық басталып, халық жас демей, кәрі демей аштықтан өле бастады. Ал әлгі ұйымдастырған колхоздары тоз-тоз боп бастары бірікпей, елдің бір бөлігі Қытай мен Моңғолияға, енді біреулері Ресейге, осында қалғандар жанталаса өзге облыстарға қашып жатты.

Әңгімесінің осы тұсына келгенде осыдан 95 жыл бұрын көрген сұмдықтар көз алдына елестеді ме, ақсақал терең бір күрсініп алды да, біразға дейін үнсіз қалды...

Анашым мен нағашыма қарызбын

– Әкем байғұс балаларын аштыққа ұшыратып алмайын деп, «Зырянда жұмыс бар екен. Жұмысшыларына нан береді екен» дегенді естіп, семьясын алып сол жаққа қозғалған еді. Біздің сорымызға қарай Зырянға 15 шақырым таяу Орловка деген ауылға келгенде сап-сау жүрген әкем аяқ астынан сырқатқа шалдығып, ақыры сол жерде қайтыс боп кетті.

«Енді қайттік?!» деп зар еңіреген шешем сол жерден көштің басын қайтадан елге бұруға мәжбүр болды. Елде әкемнің бірге туған Қожаберген деген туған інісі бар болатын. Екі ұлын жетектеп ботадай боздаған шешем сол үйге келді. Оның өзінің үш баласы бар. Сондықтан бізге пана бола алмайтыны белгілі болатын.

Амалы таусылған анам ары ойланып, бері ойланып ақыры: «Балам, анау Тарбағатай жерінің Тұйық деген ауылында менің бірге туған бауырым бар. Сол жерде балықшы боп кәсіп жасайды. Сені сол асырап берсін. Соның қасына бар, балықты өз қолыңмен ұстап жесең де аштан өлмейсің» деп мені сонда жіберді...

...Келер жылдың күзінде сол ауылдағы орыс мектебіне сабаққа түсіп, ел қатарына қосылдым. Міне, осылайша нағашымның арқасында аштықтан аман қалдым. Сондықтан осы күнге дейін әуелі Аллаға, сонан соң анашым мен нағашыма алғысым шексіз, соларға қарыздармын. Кейін араға біраз жыл сап әкемнің Рақым деген аталас інісі іздеп кеп қолдарына алып кетті.

– Майданға қай жылдары шақырылдыңыз?

– 1942 жылы жасым 18-ге толған соң, мені әскер қатарына шақырды. Ол кезде Совет одағы мен немістің арасында кескілескен майдан жүріп жатқан. Әуелі Москва гарнизонына түсіп, әскери борышымды өтеуді ІІІ Белоруссия фронтынан бастап, І Прибалтика фронтының қатарында Балтық теңізі жағалауындағы Литва, Латвия, Эстония республикаларын азат етуге қатыстым. Ақыры, Кенигсбергті алған кезде соғыс та аяқталды.

– Соғыс аяқтала сала елге қайттыңыз ба?

– Жоқ. Соғыс аяқталысымен мені елге қайтармады.

– Неге?

– Соғыстан кейін мені Украинаның Каменец-Подольск қаласындағы погранучилищеге оқуға жіберді. Училищені аяқтаған соң басталды ғой...

– Не басталды?

– Не басталушы еді, тентіреу де. Әскери өмірді білесің ғой. Қайда жіберсе, сонда баруға міндеттісің. «Бармаймын, семьям бар, денсаулығым нашар, әне-міне...» деген сылтаулар жүрмейді. Жоғарғы жақ айтты – бітті. Кетесің рюкзагыңды арқалап ап. Ең алғашқы әскери қызметімді Жетісу облысындағы Лепсі деген қаладан бастадым. Сол жерде үйленіп, шаңырақ көтердім. Одан көп ұзамай Зайсан шекара заставасына жіберілдім. Ол жерде үш жыл қызмет еткесін, сонау Дальный Восток, Крайний Север, Камчатка, Курил аралы деген ит арқасы қияндағы жерлерде қызмет етуге мәжбүр болдым.

– Ол жақтардан да аман-есен елге оралдыңыз ғой...

– Иә, әуелі Алла жар болып, небір сынақтардан өтіп, туған жердің топырағына табанымыз тиді ғой, әйтеуір. Не нәрсенің пайдалы-пайдасыз жағы болмай ма? Осы тұста, тұңғыш баламыз мектепке баратын боп қалды. «Ендігі жерде соны оқытып, семьяма бас-көз болайын» деген оймен отставкаға кетуге арыз жаздым.

– Басшылық «Бармайсың!» деп қарсы болған жоқ па, қанша дегенмен әскери қызмет қой?!

– Жоқ, бұл жолы басшылық қарсы болмады. Қайта осы уаққа дейін қызмет еткен жылдарымды мұқият есептеп, майдандағы әр жылымды үш жылға, Камчатка, Дальний Восток секілді климаты жайсыз жерлердегі қызметімнің әр жылына екі жылдан қосып есептеп, «Барлығы 20 жыл әскерде қызмет етті» деп пенсия жазып берді.

– Мұнысы жақсы болған екен. Содан пенсияңызды алып демалдыңыз ба?

– Қайдағы демалыс?! Әскерден босап елге оралғаным сол, бұл жақтағы компартия деген тас кенеше жабысып, қарсыласқаныма қарамай мемлекеттік қызметке жекті. Бұл партияң да әскери билік секілді болады екен. «Анда бар!» дейді, барасың. «Мұнда кел!» дейді, келесің. Дегендеріне амалсыз көнесің. Көнбесең, «Партия бұйрығын орындаудан бас тартты!» деп наказать етеді. Сөйтіп, Зырянда үш жыл завотделом пропаганды, Күршімде төрт жыл секретарь боп, Тарбағатайда, тағы да басқа жерлерде біраз жыл партиялық қызметтерде болдым.

Өлмеу үшін – біреуді өлтіресің

Осы тұста ЦК КПСС-тің «Об укреплений органов МВД» деген қаулысы шықты. Сол қаулының негізінде ШҚО ІІ Басқармасы бастығының тәрбие және кадр мәселесі бойынша орынбасары етіп тағайындады. Сол қызметте үзіліссіз 16 жыл істеп, бар болғаны 56 жасымда пенсияға шықтым. Бірақ онда да қарап жатқызбай, облыстық партия комитетінің хатшысы ауыл шаруашылығы саласына жұмысқа шақырды.

Сөздің реті келгенде: – Аға, кескілескен қан майданда жүрдіңіз, өлім-жітім көрдіңіз. Өзіңіз... – дей беріп ем, сөзімді бөліп.

– Не сұрағалы отырғаныңды түсіндім балам, – деді санасы сергек ақсақал. – Иә, соғыста бір емес, бірнеше кісі өлтірдім. Кескілескен шайқас. Біреуді-біреу біліп болмайды. Мен өлтірмесем, олар мені өлтірер еді. Кезекті бір шайқаста бөлімшедегі 12 адамның қақ жартысы көз алдымда жараланып, жартысы мерт боп кеткенді де көрген кезім болды. Әйтеуір, Құдай қолдап аман қалдым.

Қазіргі елдің-жердің ахуалына «Мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп баға бере алмаймын. Себебі газет-журнал оқып, теледидардан жаңалық көруден қап қойдым.

Өткен өміріме де, маңдайыма жазылған тағдырыма да еш өкпем жоқ. Екі қызыма рахмет айтып, әкелік батамды беремін. Өздерінің жастары кеп қалса да, бала-шаға, отбасылары бола тұра, қаланың бір жақ шетінен күн құрғатпай келіп, асымды әзірлеп, киім-кешегімді жуып, үтіктеп, үйге уборка жасап кетеді.

Кемпірім татардың қызы еді. 2005 жылы қайтыс болды. Тірлікте шәй деспей тату-тәтті өмір сүрдік. Осы уақытқа дейін өткен өмірім жайлы үш кітап жаздым. Үшеуі де орыс тілінде.

Ол кітаптарым «Родился в Курчуме», «На едине с памятью» және «Это – все о ней» деп аталады.

– Неге орысша жаздыңыз, қазақшаңыз тәп-тәуір ғой?

– Әлгінде айттым ғой. Мен мектеп табалдырығын орысша аттадым. Одан өмір бақи әскери қызметте, партиялық қызметтерде жүрдім. Ой қорытуыма да, сөз саптауыма да қазақ тіліне қарағанда, орыс тілі қолайлы. Оған бола аталарыңды сөге-жамандамаңдар.

Жақында ғана Күршім ауданындағы мектептердің бірінде ақсақалдың 100 жылдық құрметіне арнап «Құрмат Рахимовтың кадет класы» ашылып, соңы теннистен өткен турнирге ұласыпты. Ақсақал ол шараларға денсаулығына байланысты бара алмаса да, ұйымдастырушылар ақсақалмен тікелей байланыс орнатып батасын алған көрінеді.

Келер жылы ІІ дүниежүзілік соғыстың КСРО-ның жеңісімен аяқталғанына 80 жыл. «Қариялар азайып бара жатыр» дегендей, бұл күндері сол соғыста Отан үшін от кешкен, кеуделерін оқ тескен ардагерлер де таусылып бітуге таяу қалды.

Солардың бірі ел құрметіне бөленген Құрмат ақсақалға «Жеңістің 80 жылдығын аман-сау қарсы алыңыз!» деп тілек білдірдік.

Серік Құсанбаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив