Өскеменде ұландықтар қар құрсауында қалған ардагердің ауласын тазалады
Тоқсан тоғыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Харин Өскемен қаласының Согра кентінде қызымен бірге тұрады. Биыл жауған толассыз қалың қар ардагерге қиындық туғызды. Ол үшін үйден шығу тұрмақ, аулаға аяқ басу да мұңға айналды. Қалың қар ерігенде үйге су кіріп кете ме деген уайым да майдангерді алаңдатты. Осы орайда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің сарбаздары ардагердің үйіне барып, ауласын қардан тазалап, қолғабыс жасады.
Ұлттық ұлан қатарындағы он шақты әскери қызметші аз уақыттың ішінде қар басып қалған ауланы мұнтаздай таза етті. Әскери қызметшілердің іс-әрекетіне көңілі толған ардагер ұландықтарға алғысын білдірді. Айта кетейік, Макар Родионович 1926 жылы Алтай өлкесіндегі Чарыш ауданы, Маралиха ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қарашада әскер қатарына шақырылып, Жаңасібір облысы Бердск қаласына жіберілді. Жас жауынгер атқыш ретінде курстық дайындықтан өтіп, одан әрі Эстонияға аттанды. Қанды майданда минометші әрі мерген ретінде жауға қарсы соғысып, ерлік көрсетті.
Ардагер II дәрежелі Отан соғысы ордені мен "Германияны жеңгені үшін" медалін және бірнеше мерейтойлық марапаттарды иеленген.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі