KZ
Өскемен
+4°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, ОШ
488.26 530.54 5.03

Егіс жұмыстарына ерте қамданады – ШҚО

сурет редакция архивінен

16.05.2024, 11:15 158 Қызырбек Дүргінбайұлы

Табиғаты қатал Шығыстың қысы ұзақ, жазы қысқа. Сондықтан да жергілікті шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына ерте қамданады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биыл да егін уақытында егіліп, тұқым себілді деп отыр. Егістік жұмыстарына керекті техника да сақадай сай болғандығын айтады.

Егістік көлемін ел аумағында арттырып, астықты артығымен қамдаудың зияны жоқ. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2024-2028 жылдары екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан да егістік жұмыстарына күн сайын сақ қарап, еңбекті еселеуіміз керек.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 645,1 мың гектарға жетеді, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық. Биыл 169,8 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.

– Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 83,0 мың га, майлы дақылдар – 79,2 мың га, жемшөп дақылдары – 5,9 мың га, картоп – 1,7 мың га аумаққа егілді. Ал облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тұқымға қажеттілігі 71,8 мың тонна, оның ішінде 60 мың тонна дәнді дақылдар, 3,0 мың тонна майлы дақылдар, 0,8 мың тонна жемшөп дақылдары, 8 мың тонна картоп. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күні облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұқыммен толық қамтамасыз етілген, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ажар Қажыбекова.

Айта кетейік, 2023 жылы 8,9 мың тонна элиталық тұқым себілсе, 9,3 мың тонна тұқым себу жоспарланған. Барлық тұқым егістік жұмыстары басталғанға дейін сапалық көрсеткіштерге сәйкес тексеріліп, дайын болған.

Ертеңің үшін егістік алқаптарын тыңайтып отырудың маңызы зор. Бұл мәселе де ауыл шаруашылығы басқармасының назарынан тыс қалмаған. Басқарма биыл топырақтың құнарын арттыру үшін 46,8 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуды жоспарлаған. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін биылдан бастап субсидиялауды отандық зауыттардың авансымен іске асырмақ. Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыттармен 35,0 мың тонна тыңайтқышқа шарт жасалып, шамамен 28,0 мың тонна тыңайтқыш шаруаларға берілген. Ал сатып алынатын  тыңайтқыштардың 63%-дан астамы екі түрге, яғни, аммиак селитрасы мен аммофосқа тиесілі. Бір ұтымды тұсы оларды өзіміздің елдегі «ҚазАзот» АҚ мен «Қазфосфат» ЖШС өндірістері өндіреді.

Ауыл шаруашылығы басқармасы техникалар мен дизель отыны 100% дайын екендігін айтады. Қажетті тракторлар мен топырақ өңдеу техникалары жеткілікті деп отыр. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері облыс бойынша 2,2 млрд теңгеге 49 трактор, 1,2 млрд теңгеге 10 астық жинайтын комбайн сатып алынған.

 – Биылғы көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге Павлодар мұнай-химия зауытынан 14,1 мың тонна дизель отынын жеңілдікпен алдық. Шаруа қожалықтары үшін 1 литр дизель отынының бағасы 250 теңгеден аспайды, – дейді Ажар Қажыбекова.

Көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 4,1 млрд теңге субсидия беру көзделген. Соның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға 1 млрд-тан астам, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 1 млрд 651 млн теңге, пестицидтердің құнын арзандатуға  1 млрд 301 млн теңге, суару суын жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялауға 16 млн теңге бөлінбек. Сондай-ақ науқан қарсаңында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы кредиттеуге 3,0 млрд теңге бөлсе, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы техника мен жабдықтар лизингіне 4 млрд теңгеден астам қаражат бөліп отыр.

Осылайша ойдағы ел мен қырдағы ел егістік алқаптарына егінін егіп, тұқымын сеуіп күтімге кірісті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив