«Шығыс маманы» жобасы: 15 отбасы баспаналы болады (видео)
«Шығыс маманы» өңірлік ипотекалық бағдарламасы бойынша баспаналы болатын жылу энергетикасы саласы қызметкерлерінің тізімі шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңіріміздің жылу энергетикасы саласының қызметкерлерін қолдауға және ынталандыруға бағытталған бұл бағдарлама биыл республика бойынша біздің облыста алғаш рет пилоттық түрде іске қосылған болатын.
ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың сөзінше, бағдарламаға қатысуға 15-30 сәуір аралығында өтінім қабылданды.
Бағдарламаға қатысуға жылу энергиясын өндіру, беру және бөлу бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарда жұмыс істейтін 18-50 жас аралығындағы қызметкерлерден 50 өтініш келіп түскен.
«Отбасы банкі» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Қаршыға Жақсылықовтың айтуынша, балл бойынша комиссия қарауынан өткен 15 адамның төлем қабілеті банкте тексеріледі. Одан кейін алғашқы және қайталама нарықтағы пәтер немесе жер үй іздейтін болады.
Бұл өңірлік ипотекалық бағдарлама бойынша баспана құнының ең жоғары бағасы – 20 миллион теңге, несие 5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі.
Ипотеканың максималды мерзімі – 19 жыл.
Сегіз жылдан кейін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3,5%-ға төмендейді.