KZ
Өскемен
-7°
небольшой снег жел 1 м/с, СШ
519.28 540.05 5.31

Шығыста оперетта театры ашылады

22.05.2024, 19:30 494 Нұржан Кенжеұлы

Болашақта Шығыс Қазақстан облысында оперетта театрын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ өңірдің шалғай ауылдарында кинозалдар ұйымдастыруға көңіл бөлінбек. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласы қызметкерлерінің форумында айтылды.

Еске салайық, елімізде 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Осыған орай, облыс орталығында аймақтық форум ұйымдастырылып, оған аудан-қалалардың әртістері, үздік өнер ұжымдары, кітапханашылар мен сала ардагерлері қатысты. Сала мамандарын облыс әкімі Ермек Көшербаев құттықтап, марапаттады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Мәдениет пен өнерді қолдау осы саланың пұшпағын илеп жүрген азаматтарға қол ұшын созумен ғана шектелмейді. Әйтпесе, барлық түйткілді бір сәтте шешіп тастауға болар еді. Бұл – әлдеқайда ауқымды мәселе. Біз ең алдымен қоғамдық мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Ал бұл ортақ құндылықтардың табысуы мен қабысуынан басталады. Сол себепті бізге білім, тәрбие мен мәдениетті ұштастыруға басымдық беру қажет. Әрине, сала қызметкерлерінің мұң-мұқтажын да назардан тыс қалдырмаймыз, жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деген облыс әкімі Ермек Көшербаев өнер ұжымдары қалалармен ғана шектелмей, шалғайдағы ауылдарға да шығып тұруы қажет екенін ескертті.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, кейінгі жылдары Шығыста өнер мен мәдениет салаларына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Жетістіктер де жоқ емес. Мәселен, былтыр облыстық филармонияның «Алтай» халық биі ансамблі республикалық «Ұмай-2023» сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар жеті өнер ұжымы «Жыл үздігі-2023» атты облыс әкімі сыйлығымен марапатталып, әрқайсы 3,5 миллион теңгенің сертификатына ие болды. «Туған жер – алтын бесігім» акциясы қайта жаңғырды. Оған бүкіл ауданның өнерпаздары қатысып, халықтың зор қошеметіне бөленді. Былтыр облыста дәстүрлі «Шығыс салбурыны» фестивалі өтті. Оған алыс-жақыннан келген туристер қатысып, іс-шараның көрігін қыздырды. Дәл осындай акциялар туризмнің дамуына да зор септігін тигізері сөзсіз.

– Алдағы уақытта облыс орталығында оперетта театрын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте зор. Осыдан біраз бұрын біздің облыста тұңғыш рет жергілікті өнерпаздардың күшімен Иоганн Штраустың «Жарғанат» атты опереттасы мен Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы сахналанып, Өскемен мен Риддер қалаларының көрермені тарапынан жоғары бағаланды. Енді бұл қойылымдарды басқа өңірлерде, еліміздің ірі мегаполистерінде сахналауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жақын арада шығысқазақстандық театрсүйер қауымды тағы бір атақты шығарма – «Mamma Mia» мюзиклінің премьерасы күтіп тұрғанын да айтқым келеді, – деді басқарма басшысы.

Әлбетте, ауылдық жердегі мәдениет үйлерін, клубтар мен кітапханаларды дамыту да аса маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек. Белгілі болғандай, биыл бұл бағытқа, атап айтқанда, алты мәдениет нысанын жөндеуге облыстық бюджеттен 674,1 миллион теңге бөлінуге тиіс.

Бұған қоса, Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде Мәдениет және демалыс орталығын салуға 642,9 миллион теңге бөлінген.

Облысымызда кітаптарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары қолға алынып, бүгінге дейін 20 мыңнан астам кітап цифрланған. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұмыс аз емес. Шешімін күткен түйткілдер де бар. Оларды форумға қатысқан зиялы қауым өкілдері ортаға салды. Әсіресе, кадр тапшылығы мен материалдық-техникалық қамтылуға қатысты сұрақтар бар. Облыс әкімі бұл мәселелер біртіндеп шешімін табатынын жеткізді.

Сонымен қатар аймақ басшысы кино саласына қатысты пікір білдірді.

– Қазір отандық кинематографтың дәурені жүріп тұр. Көрермен қауымға көптеген жаңа фильм мен сериалдар жол тартуда. Алайда оның игілігін қалалықтар ғана көріп отыр деуге болады. Себебі ауылдарда бұрынғыдай кинозалдар жоқ. Осы мәселеге де ден қойған абзал. Бәлкім, проблеманы көшпелі кинотеатрлар ұйымдастыру арқылы шеше алармыз. Қалай болғанда да, аудандарда кинофильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылатын болады. Мәдениет басқармасы мен аудан және қала әкімдеріне бұл жөнінде тапсырма берілді,  – деді облыс әкімі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу