Өскемен жұртына өнердің құдіретін сезіндірді
Біз бұл жолы шын ықыласпен соғылған шапалақтың ырғағы көңілді тербеп, құлаққа жағымды әуез сынды естілетінін сезіндік. Әр қойылымнан кейін залдағы жұрт тоқтаусыз қол соғып, сахна саңлақтарына ерекше құрмет-қошемет көрсетіп жатты. Өйткені Алматыдан арнайы гастрольдік сапармен келген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері Өскемен жұртына өнердің шын құдіретін сезіндіре білді.
Бес күн бойы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының көрермен залы лық толы болды. Тіпті, билет таппай қайтып кетіп жатқандарды да көрдік. Өйткені ел ішінде «Әкем-театр» даңқымен танымал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театры алда келе жатқан 100 жылдық мерейтойына орай өнер сапарына аттанғанынан жалпақ жұрт құлағдар болатын. Сол бір өнер керуені Шығыс Қазақстан облысына бес күнге тоқтаған еді. Алтайға ат басын тіреген күні театр басшылығы тілшілер қауымымен кездесіп, сапардың мән-жайын түсіндіріп, халықты театрға шақырған болатын.
Иә, көңілі түссе көпшілік театрға шақырусыз-ақ келетінін көрдік. Бес күн бойы барлық қойылым аншлагпен өтті. Әр ойындағы актерлік құрам әр бөлек, олардың ішінде көгілдір экран арқылы көпшілікке танымалдары да көп болды. Ол да көрерменнің көп болуына әсер етті-ау деген ой түйдік. Енді жалпақ жұрттың ықыласына бөленген қойылымдар барысын қаламға арқау етіп көрейік.
Зарығу. Сағыну. Аңсау.
Алматылық өнер ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» махаббат дастанымен сахна шымылдығын ашты. Бұл жырды жаттап өскен жұртты таңғалдыру оңай емес. Алайда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлері көпшілік көрерменді таңғалдыра да, толғандыра да алды. Осылайша, Алтай жұрты асыға күткен өнер керуенін ерекше тебіреніспен қарсы алды.
Сарыбайдың аруағы арқылы серт сұраудан басталған қойылым көпшілікті бірден баурап алды. Бір-бірін зарыға күткен қос ғашықтың табысу сәтінде көпшіліктің кеудесін қуаныш кернеп, сезімге бөленгенін көрдік. Қарабай мен Қодардың қатыгездігіне жұрттың налығанын көрдік. Сахна саңлақтарының шеберлігі сондай, көрерменді қойылым желісі арқылы еріксіз жетелеп отырды. Көпшілік толғанды, күрсінді, ойланды. Ризашылығын тоқтамай соғылған шапалағынан байқадық.
Келесі күні көпшілік көрермен Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасын тамашалады. «Жүз жылдық махаббат» қойылымы сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевқа арнап жазылған. Нақтырақ айтқанда, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың тағдыры мен шығармашылығының сахналық баяны. Спектакльде ақынның жастық шағы, албырт сезімінен сыр шертіледі. Халық жауы атанып, ғұмырының он жылын қапаста өткізген ақынның қасіретті тағдыры спектакльде аяулы жары Зылиханың естелігі арқылы берілді. Сағынышқа толы естелік сахна арқылы көрермен жүрегінен орын алып, көңіл толқытты. Екі актілі қойылымды халық тебіреніп, толғанып отырып көрді. Жанарына жас алып, ауыр-ауыр күрсінгендері де болды. Өйткені бұл, Алаш арыстарының тағдырлы жолы арқылы бүгінге жеткен елдің тарихы еді. Жай ғана тарих емес, тағдырлы тарих болатын. Сахна арқылы болса да сол заманмен жұрт қауышып қайтты.
Өнер керуені үшінші күні жұртқа Рахымжан Отарбаевтың «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасын сахна төріне алып шықты. Бұл да аумалы-төкпелі заманның көрінісін арқау еткен қойылым болатын. Сахнада бірде жас Өмірбай, бірде қарт Өмірбай бейнесі қатар өрілгенде екі кезең мен екі өлшемнің аражігі жымдасып, байланысып кеткендей көрінген-ді. Шекара сызығы екіге бөлген тағдырдың тәлкегін арқау еткен туынды. Бір отбасының тағдыры арқылы бір заманның көрінісін бере отырып, көрерменге ой салады. Жоғарыдағы екі қойылымда зарығу мен сағыну басымырақ болса, мұнда аңсау бар. Түптеп келгенде еркіндікті аңсау бар. Иә, еркіндікті аңсаған жанның барлығы дегеніне жетті ме екен деп күрсінесің іштей.
Көрермен күлкіге көмілген күн
Театр сахнасын төртінші күні әуезді ән тербеді. Есті әндер мен ескі әндер көңіл түкпіріндегі естеліктер легін бір ақтарып тастағандай болды. Бұл күні сахнаны Исраил Сапарбайдың «Сыған серенедасы» мюзиклі әуезді әнмен тербеп, көрерменді музыкамен мұңға батырды. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері кезекпе-кезек шырқалды. Қашанда көңілі әнге құмар, күйге әуес халықтың жүрек қылын дөп басқан қойылым болды. Қойылымнан соң көрермен жұрт іштей ән салып, музыка ырғағына тербеліп қайтып бара жатқандай көрінді.
Ал соңғы күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері Өскемен жұртын күлкіге көміп, көңілін көкке көтеріп кетті. Бұл күні Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы сахналанды. Әке мен кенже ұл арасындағы жарасымды қалжың, кенже қыздың еркелігі, ортаншы баланың көнімпаздығы бәрі-бәрін актерлар өмірдегідей ойнап көз алдымызға әкеліп берді. Көптеген қойылымда қарияның рөлін сомдап келе жатқан Бекжан Тұрыстың шеберлігіне күллі қазақ тәнті екені о бастан белгілі. Актер комедиядағы Қырманбай шалдың рөлін 27 жасынан бері сомдап келеді екен. Тіпті, актер сол комедиядағы Қырманбайдың өзіне айналып кеткендей көрінді маған.
Көрнекті жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы ұлтымыз үшін маңызын жоймайтын ұрпақ тағдыры мен оның болашағы мәселесін күлкі призмасынан қарастырады. Жер ортасынан ауғанда кемпірі дүние салған Қырманбай ұлдарының тіршілігіне қарны ашады, сондықтан өз әулетінің ертеңіне алаңдаулы болса, ұлдары әкесін үйлендірмекке әлек. Міне, осылай жалғасқан комедия бес бойдақтың бір күнде үйленуімен түйінделеді.
Иә, бұл күні көрермен күлкіге қарқ болды. Риза болғаны соншалық қойылым соңында біраз уақытқа дейін тоқтаусыз шапалақ соғып тұрып алғанын көрдік.
Осылай Шығысқа бес күндік өнер сапарымен келген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының әртістері көрерменді зарықтырып, сағындырып, аңсатып, ең соңында күлкімен көңілін көмкеріп кетті. Нағыз шеберлік, шынайы өнер деген осындай болса керек-ті. Бес күн бойы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының залы лық толы болды. Көңілден шығар қойылым болса көрерменнің бар екеніне көз жетіп, көңіл сенді. Әртүрлі жиын-тойдағы амалсыз соғылар шапалақ шартылын білеміз ғой, ал бұл жолғы шын ризашылықпен соғылған шапалақ үні құлағымыздан біразға дейін кетпеді. Шын өнердің құдіреті деген осындай болады екен.