ШҚО-дағы тағы бір елді мекенде тазалық жұмыстары жүргізілді
Шығыс өңірінде «Таза Qazaqstan» республикалық акциясы аясында басталған жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылында тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Таза бейсенбі» деп аталған іс-шараға жүзден астам адам қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экологиялық акцияның басты мақсаты – жұртшылықты қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға шақырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Опытное поле ауылындағы тазалық жұмыстарына «AMANAT» партиясының облыстық филиалының қызметкерлерімен қатар «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қатысты. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының депутаттары және ауыл тұрғындары да белсенділік танытты.
Бұл кеше Ұлан ауданының Таврия ауылында жүргізілген жұмыстың жалғасы. Ол кезде мың жарым адам іске жұмылып, 300 тонна қоқыс шығарған болатын. Бүгін акцияға қатысушылар ауыл мен облыс орталығын қосатын жолдың бойын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.
Аталмыш шараға ауыл кәсіпкерлері де атсалысқанын айта кетуге тиіспіз. Қоқыс жинауға бес арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша республикалық экологиялық акцияға 15 мың ұйым мен заңды тұлға қатысып, 82 мың аула аумағы, 89 мың жеке тұрғын үй аумағы қамтылды. Сенбіліктерге 461 мыңнан астам адам қатысып, 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды, 26 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, 41 мыңнан астам көшет егілді.