Мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы алғаш рет мектепке дейінгі жастағы балалардың коммуникативтік дағдыларын дамытуда арт-педагогикалық технологиялар бойынша біліктілікті арттыру курстарын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бұл курсқа мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінен мыңнан астам педагог қатысады.
Курстың бағдарламасы мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істеуде арт-педагогика әдіс-тәсілдерін қолдану бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге арналған.
Бағдарлама оқытудың әртүрлі әдістерін, түрлерін, оның ішінде практикалық жұмыс пен талқылауды, кейстерді талдауды, көшпелі практикалық сабақтарды ұйымдастыруды көздейді. Курс бойынша оқу осы жылдың қараша айының соңына дейін өтеді.