Ақсуатта 135 шақырымдық «ASSYL TULPAR» бәйгесі өтеді
Фото: ASSYLTAS
Абай облысында Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау мақсатында 135 шақырымдық аламан бәйге өтеді.
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуықа жүйрік қатыспақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«ASSYL TULPAR» атты аламан бәйге 21 шілдеде Абай облысының Ақсуат ауданында өтпек.
– Қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм Алаштың атқа мығым отыратын, шымыр шабандоздарын анықтау мақсатында өткізілетін бәйгеге еліміздің барлық облыстары мен мегаполистерінен 100 ден аса сәйгүліктер қатысады деп күтілуде. 135 шақырымдық аламан бәйгенің жеңімпазына шетелдік автокөлік сыйға беріледі. Сондай-ақ үздік жетілікке кірген қатысушыларға да қомақты қаржылай сыйлық үлестіріледі, – дейді жарысты ұйымдастырушы Аян Сембаев.
Осы күні 25 шақырымдық аламан бәйге мен 15 шақырымдық топ бәйге де өтеді. Бұл қашықтықта да оза шапқандар темір тұлпарды тізгіндейді.
– Бәйге – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі ұлттық құндылығы. Жалпы, бәйге – ұлттық бәсеке. Өйткені жүйрік ат шыққан жердің абыройы артады. Демек, жүйрік ат дегеніміз көшпелі қауымның, елдің беделін көтеретін ұғым, түсінік және символ. Жүйрік атты табу, баптау деген секілді ғылыми негіздер қазақта ежелден қалыптасқан. 135 шақырымдық аламан бәйгенің басты мақсаты да сол – қазақтың атбегілік өнерін дамыту, – дейді жарысты ұйымдастырушы Аян Сембаев.
Аталған бәйге жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымыдастырылып келе жатқан «Асыл бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі аясында өткізілмек.
Оқи отырыңыз