Өскеменде есірткі жарнамасын таратқандар ұсталды
Фото: depositphotos.com
ШҚО полицейлері есірткі жарнамасын қала көшелеріне таратқан екі күдіктіні құрықтады.
Олар есірткілік заттарды сататын электронды мекенжай көрсетілген QR-кодты таратқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері есірткі саудасын жүргізетін QR-код бар жарнамалық қағаздарды қала көшелеріне таратқан облыс орталығының 21 және 18 жастағы екі азаматын қылмыс үстінде қолға түсірген.
Күдіктілер аталмыш жұмысты әлеуметтік желіден тапқандарын, әр жапсырылған жарнамалық қағаз үшін 300 теңгеден алғандарын айтқан. Қазір олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын насихаттау, заңсыз жарнамалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.